Шарада ақынның атақты шығармаларынан үзінділер оқылып, қаламгер өзінің өмірі, шығармашылық жетістіктері туралы қойылған жастардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Рухани шараға ұйытқы болған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мұндай кездесулердің жастар үшін берері мол екенін тілге тиек етті.
«Қазақта ұлы тұлғалар жеткiлiктi. Солардың бірі және бірегейі - Олжас Сүлейменов ағамыз. Бар ғұмырын қазақ руханиятының дамуына сарқи жұмсап келе жатқан қаламгердің Оңтүстік Қазақстанға сапарын тиімді пайдаланып, жастармен кездесу ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндай кездесулер жастарға жаңа серпін, жақсы өнегелі тәрбие беретіні сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында өңір жастарының мәдениеті қалыптасады. Қай бағытта өсіп-жетілу керектігі туралы таным-түсінігі артады»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Емен-жарқын ашық ой алмасу кешінде қуатты қалам, шуақты ойдың иесі жастарды бар күш-жігерін игі іске арнауға, қоғамдық мәселелерде белсенді болуға шақырды. Ел мәдениеті мен руханияты саласында атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті.
«Оңтүстік менің өмірімде орны ерекше өлке. Мұндағы жұрт қазақтың қаймағын бұзбай, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін сақтап келеді. Мен Қазақстанның барлық аймақтарына іссапармен шығып, сол өңірлердегі зиялы қауым өкілдерімен, жас буынмен кездесулер өткізіп жүрмін. Мұндай кездесулер қаламгер қауымға қашанда шалқар шабыт, ерекше талпыныс, күш-қуат береді» деді Олжас Сүлейменов.