Қазақ киносы апталығының ашылу салтанатына Оман Сұлтандығының зиялы қауымы, іскерлік және мәдени ұйымдар өкілдері, сонымен қатар дипломатиялық корпустың өкілдері мен Оман Сұлтандығында тұратын Қазақстан азаматтары қатыспақ.
Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Мұқаш аталған мәдени іс-шара ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында өткізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осындай іс-шаралар екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға кең мүмкіндік береді.
«Маскат қаласында өтетін Қазақ киносы апталығы бүгін режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмімен ашылады. Ал 5 мамырда омандықтар қазақ хандығының құрылуы туралы баяндайтын, режиссері Рүстем Әбдірашевтың «Алмас қылыш» тарихи фильмін тамашалайтын болады», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 27 сәуірде орнатылған. Қазақстан Республикасының Омандағы Елшілігі 2009 жылы 10 желтоқсанда ашылған.