Оманда алғаш рет муниципалды сайлаулар өтуде

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Оман сұлтанатында алғаш рет жергілікті басқару органдарына сайлаулар өтіп жатыр.

Бұл туралы ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі хабарлады.

«ONA» ақпараттық агенттігінің мәліметіне сәйкес, түске дейін сайлау учаскелеріне 546 мыңға жуық омандық келді, мұны үкіметтік БАҚ-тар «жақсы» көрсеткіш деп бағалауда.

Мандаттарға үміткер барлық 1475 адам, соның ішінде 46 әйел тәуелсіз кандидаттар ретінде тіркелді. Себебі, Оманда саяси партияларға тыйым салынған.

Сайлаулар нәтижесі бойынша тікелей билігі жоқ, бірақ консультативтік өкілеттік берілген муниципалдық кеңестердің 192 мүшесі анықталады деп күтіледі.

Бұған дейін муниципалдық кеңес тек ел астанасы - Мускатта ғана жұмыс істеді. Оның мүшелері монархпен тағайындалды. Оман сұлтанатында басқарушылық формасы бойынша - абсолюттік монархия, оның басшылығында 1970 жылдан бері Сұлтан Кабус бен Саид Альбусаид отыр.

Өңірлік сарапшылар бүгінгі сайлауларды сұлтанат билігінің халыққа қарай жасаған қадамы ретінде бағалайды. Өйткені, «араб көктемінің» жаңғырығы Оманға да жетті. Онда өткен жылдың ақпан айында үкіметке қарсы жиындар өтті. Солтүстіктегі Сухар қаласында демонстранттар мен полицияның қақтығысынан екі адам қаза тапты.