АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін грек-рим күресінен екінші жарыс күнінде Омар Сатаев (82 келі) күміс жүлдегер атанды.
Финалда қазақстандық балуан Иран балуаны Мохаммед Азиз Нагусимен белдесу өткізді. Тартысты бәсекеде ол қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қазақстандық балуан жартылай финалда жапониялық Тайзо Ёшидоны қапы қалдырған еді.
Айта кетсек, бүгінгі жарыс күнінде ел құрамасынан Бақытжан Қабдыл (60 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Әділхан Сатаев (72 келі) және Ілияс Гучигов (97 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Айта кетсек, алғашқы жарыс күнінде ел құрамасы қоржынына бір күміс, екі қола медаль түсті.
Ел құрамасынан Әлімжан Сыздықов (130 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанса, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық дода 25-30 наурыз аралығында өтеді. Ел құрамасы еркін, грек-рим және әйелдер күресінен сынға түседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.