Сессия алдында қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шәріпова жиналғандарды сайлау қорытындысымен таныстырып, депутаттарды сайлануларымен құттықтап, депутаттық куәлік пен төсбелгіні табыс етті.
Сессия жұмысына қала әкімі Марат Жүндібаев, мемлекеттік органдардың басшылары – бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, Қостанай полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Жүсіпов, Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Біржан Үсембаев, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер - Қостанай қалалық мәслихатының төрағасын сайлау, Қостанай қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, олардың құрамын және Қостанай қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағаларын сайлау.
Бірмандатты №2 аумақтық сайлау округі бойынша «АМANAT» партиясынан депутат Байғабулов Омарғали Қабиұлы көпшілік дауыспен Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды.
Бюджет, экономика, басқару және өзін-өзі басқару және әлеуметтік мәселелер, отбасылық-демографиялық саясат және қоғамдық бірлестіктермен байланыс жөніндегі екі тұрақты комиссия құрылды. Бірінші комиссияның төрағасы болып №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша «Ауыл» ХДП-нан депутат Исмаилов Арман Оразалыұлы сайланды. Екінші комиссияның төрағасы болып №1 бірмандатты аумақтық сайлау округінен «АMANAT» партиясынан депутат Костенюк Надежда Владимировна сайланды.
Бұған дейін Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы болып Сайлаубек Ещановтың сайланғаны хабарланған болатын.