Омбыдағы форум: Тоқаев көлік-логистика саласындағы жаңа міндеттерді белгіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен түйіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Фото: Ақорда
— Бұл — қазіргі өте күрделі геосаяси жағдайда елдеріміздің жаһандық бәсекедегі артықшылығын айқындайтын басты фактор. Біз күш-жігер жұмылдырудың арқасында бұл саладағы барлық міндетті табысты еңсеріп, инфрақұрылымды жүйелі дамытып келеміз әрі транзиттік әлеуетімізді нығайта түстік. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай — Ресей — Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Ресей — Қазақстан — Қытай бағытындағы миллионыншы контейнер елеулі меже болды. Әлбетте, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен аса ұлғайды. Бұл саладағы бірлескен жүйелі жұмысты жалғастырсақ, осы қарқынды сақтап қалуға әбден болады. Мен бұған сенімдімін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Солтүстік — Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт — Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлізі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе — Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

— Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан — Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл — көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел екі ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барды.