Омбудсмен еліміздегі жалғыз кәмелетке толмағандарды түзеу колониясына барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров кәмелет жасқа толмаған жазасын өтеушілер тәрбиеленіп жатқан колонияға (Алматы қаласындағы ЛА-155/6) барды.

Елдегі жалғыз балаларға арналған түзеу мекемесіне сапары барысында А.Шәкіров жасөспірімдердің жағдайымен, олардың құқықтарының қамтамасыз етілуімен танысып, тәрбиеленушілермен және мекеменің әкімшілігімен кездесті. Колония басшысымен әңгімелесу барысында сотталған жасөспірімдерді сауықтыру бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізу қажеттігіне баса назар аударды, - деп хабарлады омбудсменнің баспасөз қызметі.

«Балалардың құқығын қамтамасыз ету мемлекет қызметінің басым бағыты, - деп атап өтті ол. - Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасында Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтын құру туралы шешім қабылдады».

Балалар құқығы халықаралық құқық қорғау үдерісінде баса мән берілетін нысан екендігін атап өткен жөн. Оған Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мекемесі белсене қатысады.