Омбудсмен меморган өкілдерімен азаптауға қарсы заңның іске асырылуын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіровтің төрағалығымен биылғы жылы қолданысқа енген Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің іске асырылуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік орган өкілдерімен жиын өткізілді.

Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚР Президенті 2013 жылғы 2 шілдеде қол қойған ҰАТ туралы Заң алғаш рет қоғамдастық өкілдеріне адам бостандығын шектейтін жабық үлгідегі мекемелерге кедергісіз кіру құқығын берді.

Жиын барысында қатысушыларға ҰАТ шеңберінде мекемелерге мониторинг жүргізу тәртібі мен осыдан туындайтын мемлекеттік органдардың мақсаттары түсіндірілді.

«Ұлттық алдын алу тетігі мақсаттарының іске асырылуының маңызды құрамдас бөлігі орталық органдардың да, ведомстволық бағынысты, аумақтық, жергілікті бөлімшелердің, мекемелер мен ұйымдардың да қызметкерлерін оның мандаты мен бүкіл қоғам үшін маңыздылығы туралы хабардар ету болып табылады», - деп Омбудсмен атап өтті, жұмыстың негізгі бағыттарына назар бөліп.

Іс-шараға қатысушылар ҰАТ туралы Заңда қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар мен Омбудсмен жанындағы ҰАТ Үйлестіру кеңесінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы ортақ пікір білдірді. Жиынның жұмысына ҚР Бас Прокурордың Орынбасары Ж. Асанов қатысты.