Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметінен хабарланды.
Онда омбудсменнің өкiлдері жергілікті денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау мемлекеттік мекемелерінің жағдайымен танысты.
Орталық қызметкерлері Семей қаласында орналасқан жетім балаларға арналған № 5 көмекші мектеп-интернатында,№8 және №3 балалар үйінде, нашар еститін балаларға арналған № 4 мектеп-интернатында, Саңырау балаларға арналған мектеп-интернатында, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болды. Делегаттар аталмыш интернаттардағы балалардың құқықтарын сақтау және қорғау бағытындағы жергілікті билік пен мекеме қызметкерлерінің жұмысын оң бағалады.
«ШҚО-да балаларды әлеуметтік-патронаждық қолдау жүйесі сәтті іске асуда. Соның арқасында жергілікті іскерлік топ өкілдері, бюджеттік ұйымдар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнаған. Мұндай бірегей тәжірибені елдің басқа да аймақтарында қолдануға болады», - делінген хабарламада.
Мекемелерді аралау барысында сарапшылар адам құқықтарының iске асырылуына талдау жасады. Әсіресе балалардың білім алуға, денсаулық сақтау, ақпаратты еркін алу құқықтарының орындалуына үлкен көңіл аударылды.
Сапар қортындысында балалар мекемелерінің басшылығына ұжымның кәсіби біліктілігі мен деңгейін арттыру, балалар құқықтарын сақтауда халықаралық және ұлттық стандарттарды қатаң ұстану бойынша ұсыныстар жасады.