Омбудсмен Парламенттің кез келген отырысына кедергісіз қатыса алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпаратт тілшісі.

Заң жобасының мақсаты - Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бөлігінде ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру.

«Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормасымен Уәкіл қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді. Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыруды конституциялық заң айқындайды. Уәкіл туралы қолданыстағы Заң былтыр 29 желтоқсанда қабылданғанын атап өткен жөн. Заңда уәкілдің қызметі туралы негізгі ережелер бекітілді. Осыған байланысты Парламент Мәжілісіне енгізілген Уәкіл туралы Конституциялық заң жобасы қолданыстағы ережелер негізінде, нақты толықтырулармен және заңның құрылымын қайта қарау негізінде әзірленді», - деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Жалпы, Конституциялық заң жобасы 6 тараудан және 23 баптан тұрады.

«Қолданыстағы заңда көзделмеген негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келеді. Жаңа ережелерді екі топқа бөлуге болады, біріншісі – уәкілдің құзыреттілігін күшейту, екіншісі – оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру. Уәкілдің құзыретін күшейту бөлігінде Уәкілге ҚР Парламенті Палаталарының кез келген, ашық әрі жабық, бірлескен және бөлек отырыстарына қатысуға, сондай-ақ сөз сөйлеуге құқық беру ұсынылады. Екіншіден, заң жобасында адамның Конституцияда бекітілген құқығы мен бостандығын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Уәкілдің Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы көзделген», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Уәкілге шақырту бойынша басқа мемлекеттерде адам құқығының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылып отыр.

«Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз баруы құқығы бекітіледі», - деп нақталады ведомство өкілі.