«Омбы қазақтары» балалар үйіне құны 80 мың рубль тұратын қондырғыны тарту етті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдегі Омбы қаласында тұратын қазақтар -қарапайым қала тұрғындары мен кәсіпкерлер қайырымдылық шарасын өткізді», деп хабарлады «Омбы қазақтары» бастамашылар тобының өкілі Дастан Бейсебаев.

Бүгін, 5 шілдеде «Омбы қазақтары» белсенділер тобы мамандандырылған балалар үйіне арнайы жабдықтар мен балалардың киімдерін сыйлады. Тарту етілген заттардың жалпы құны - 80 мың рубль.

«Балалар үйінің» атынан «Омбы қазақтары» мен кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Қамқорсыз қалған балаларға қолұшын беретін адамдардың бар екені қуантады. Қажетті қондырғылар бар. Дегенмен, қосымша еш уақытта артық болмайды», - деді Омбы Мамандандырылған балалар үйі бас дәрігерінің емдеу мәселелері бойынша орынбасары Светлана Романычева.

Оның айтуынша, сыйланған жаңа құрылғылар мидың сал ауруынан зардап шегетін балаларды қалпына келтіруге көмектеседі. Балалар үйінде төрт жасқа дейінгі балдырғандар тәрбиеленеді.

Керек қаражатты «Омбы қазақтары» тобының қарапайым мүшелері жинаған және Омбы кірпіш зауытының бас директоры Дәулен Садуақасов, «Царица» сақтандыру компаниясының Омбы филиалының директоры Махаббат Көптұрова, «Черлак базары» дирекциясының өкілі Жұмабай Сәткенов, жеке кәсіпкер Мұрат Алпысовтар демеушілік көрсеткен.