Өмірәлі Қопабаев: Ата Заңымыз бізді үлкен жетістіктерге жетеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Негізгі заңымызды дәріптей білуіміз керек. Бұл туралы Ата Заңымыздың 20 жылдығына орай құттықтауында Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Қопабаев мәлім етті.

«Бүгін ерекше күн, өйткені 1995 жылы қабылданған Конституциямызға 20 жыл толып отыр. Бұл атаулы күн барша Қазақстан үшін үлкен мереке. Ата Заңымыз өткен кезеңде бізді үлкен жетістіктерге жетеледі. Қазақстанымыздың саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердегі өркендеуі Негізгі заңымыздың арқасында болды. Ата Заңымыз барша өркениетті елдердің Конституциясынан кем емес. Мұнда халқымыздың негізгі құқықтары нақты белгіленген. Сондықтан Негізгі заңымызды дәріптей білуіміз керек және халқымыз оны жете түсінуі қажет»,-деді ғалым.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір шетел азаматтары Конституцияны кішкене кітапша түрінде қалтасына салып жүреді. Сол секілді халқымыз Ата Заңымызды біліп, оның аясында қызмет жасаса, адамдар ештеңеден ұтылмайды.

«Бүгінгі мереке баршамызға құтты болсын! Қазақстанның өркендеуіне баршамыз үлесімізді қоса білейік»,-деді Өмірәлі Қопабаев.