«Қайраттың 40 күні өтті. 40 күннің ішінде мен өмірімді дейін және кейін деп бөле аламын. Себебі, өмірге деген көзқарас, мақсат барлығы 100 пайыз өзгерді. Қаншама жыл бір адаммен бір шаңырақ астында тұрғаннан кейін, өмірдің ыстығы мен суығын да бірге көргеннен кейін адамда қимастық, сағыныш сезім болады. Бұл сезім 40 күннен кейін басқаша болады деп айта алмаймын. Ол жылдар бойы сенің жадыңда тұрады. Бұл оқиға кезінде адам «Неге бұл жағдай менімен болды?» деп іздене бастайды. Адам барлығын түсінеді. Бірақ қабылдау деген дүниеге уақыт, төзім, сабыр керек екен», - деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Ол сұхбат барысында жолдасымен бірге өткен 16 жыл өмірі жадында тек жақсы естеліктермен қалғанын айтты.
«Ол қатты еркелетті. Менің жолдастарым жылағанда «Біз оның саған деген махаббаты қандай екенін білетін едік қой» деді. Барлығын айтып берген ғой. «Бұл қыздың артынан қанша жүгірдім» деп. Оны жақын адамдардың барлығы біледі. Қайын апаларым әлі күнге дейін соны айтып отырады.
Мен енді күш жинауым керек. Мен таңдайтындай жағдайда емеспін. Бұрын еркелеген шығармын. Бұрын бір қиын жағдай болса, қасымда Қайратым бар деп жігерленетінмін. Ал қазір менің жауапкершілігім екі есе. Себебі мен екі баланы өсіріп, ешкімге жәутеңдетпей, әкесінің жоқтығын білдірмеуім керек», - деп бөлісті ол.
Ләйлә Сұлтанқызы сұхбат соңында осы қиын сәтте қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
«Көп нәрсе айтқым-ақ келеді ғой. Қайрекең туралы жақсы естеліктермен алда бөлісермін. Бірақ осы видео арқылы алғашқы әрі толық айтқаным болсын деп есептедім. Ол оны қаламас еді. Көзі тірі болғанда ол өзі туралы айтқызбас еді», - деп сұхбатты түйіндеді Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, «Оқ-Жетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің президенті болған Қайрат Беркінбаев 57 жасында өмірден озды. Ол елімізге белгілі қоғамдық денсаулық сақтау қайраткері, курорт ісінің дамуына зор үлес қосқан маман ретінде танымал.
Фото: Видеодан алынған кадр және instagram.com/sultankyzy парақшасынан