деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ІІД бастығының бірінші орынбасары Арман Оразалиевтің айтуынша, өткен сейсенбі, наурыздың 9-ы күні кешкі сағат 20.40-та ІІД Жедел басқару орталығының «102» пультіне 22 жасар автокөлік иесі ұялы телефоннан хабарласып, өзінің «Ниссан-Санни» көлігін біреулер ұрлап кеткендігі туралы айтқан.
Хабар алған бойда дереу «Тосқауыл» жоспары құрылып, ол туралы патрульдік полиция полкінің кезекте жүрген қызметкерлері мен экипаждары, полиция бекеттері хабардар етіледі.
Осы уақытта қызметте жүрген кіші сержанттар Нұркен Файзиев пен Нәби Омаров Мақтымқұлы көшесінен Абылайхан даңғылына бұрылғалы тұрған ұрланған көлікті байқайды. Ұры Н.Файзиевтің тоқтау туралы бұйрығын елемей, қозғалысын жалғастырмақ болады. Полиция қызметкері көлікті жолдың жиегіне бұру ниетімен ашық тұрған терезеден рөлді ұстай бергенде, машина кенет жоғары жылдамдықта орнынан қозғалған. Бірақ Н.Файзиев рөлді жібермей, көлікті тоқтату әрекетін жалғастырады. Сол мезетте қылмыскерден бірнеше соққы да алған. Файзиевті асфальт үстімен 1 шақырымға жуық жерге сүйреген жүргізуші Абылайхан даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында «Опель-Вектра» автокөлігімен соқтығысып, одан кейін металл қоршауға соғылады.
Жеке азаматтың көлігімен олардың соңынан жеткен Н.Омаров, алкогольді ішімдіктің буындағы күдіктіні құрықтап, полицейлік нарядтың қолына тапсырады. Анықталғандай, ол 1985 жылы туылған, Астана қаласының тұрғыны және бұрын-соңды істі болмаған.
Асфальт үстімен сүйретілген Н.Файзиевтің тізесі жарақаттанып, соққы алған маңдайына төрт тігіс салынды. «Жылдамдықтың жоғары болғаны соншалық, етігімнен түк қалған жоқ», - дейді ол.
Полицейлердің батыл әрекеттері Жедел басқару орталығының қала ішінде орнатылған бейне камераларына толығымен жазылған. Астанада ондай барлығы 323 камера бар.
Айта кетейік, жас сарбаздың патрульдік қызметте жүргеніне 1 жыл да толмаған. Ал Н.Омаровтың 1,5 жыл ғана еңбек өтілі бар.
А.Оразалиев қылмыскерді ұстау барысында ержүректік пен батырлық танытқаны үшін полиция қызметкерлерін жоғары наградаларға ұсыну мақсатында Ішкі істер министрлігіне хат жолданатынын және оларға материалдық сыйақылар берілетінін айтты.