«Соңғы уақытта нарықтағы жағдай едәуір өзгеріп кетті. Бәсеке қыза түсті. Шаруашылықтар бұрын өндірген өнімін өткізе алар емес. Осы тұрғыдан біз «өнімді көбейтіңдер» деп қыса түсеміз де, ал өткізу, сұраныс, сапа, экспорттық нарыққа шығу тетігі борттан тыс қалып қалды», - дейді министр.
Шөкеевтің айтуынша, біздің еліміздің айналасында да жағдай түбегейлі өзгеріске ұшырап бара жатыр. Ресейде қазір түсім жақсы. Ондағы нарықтағы баға айтарлықтай түсіп кеткен.
«Бұл әлбетте қазақстандық бидайдың бағасына да әсер етті. Сондықтан, өткен жылдың желтоқсанында біздің араласуымызға тура келді. Әлемдік баға бұл ретте қарқынды болмаса да өсіп жатқанымен, парадокс жағдай - Қазақстандағы диқандар бидайды 35-37 мың теңгеге (тоннасын - авт.) сата алмай қалған еді. Осы себепті, бізге бидайды шұғыл сатып алатынымыз туралы жариялауға, бағаны 42 мың теңгеге белгілеуге тура келді. Осының нәтижесінде шуды тоқтатып, нарықтағы жағдайды қалпына келтіріп, бидайдың белгілі бөлігін сатып алдық», - дейді ол.
Министр атап өткендей, бүгінгі таңда бидайдың бағасы өсіп келеді.
«Қазір тіпті тоннасын 47 мың теңгеге сату туралы келісімшарттар бар. Демек, біз бір жағынан шаруаларға көмек қолын создық, екінші жағынан корпорация ұтты. Сондықтан, біз өнімдерімізді өткізу мәселесіне ерекше назар аудара бастадық. Отызға жуық өнімімізге талдау жасадық. Қазіргі ішкі нарықтағы жағдай қандай? Осы өнімдерді дамытуға бола ма? Өнімнің 30 түрі бойынша нарық қанағаттанарлық жағдайда. Ішкі нарықта бізде тек санаулы өнімдердің түрлеріне орын бар: олар алма, шұжық өнімдері, ірімшік, қант. Сондықтан, біздің өнімдеріміздің экспорты үшін күресуіміз керектігі айқын. Экспорт нарығында күресу тіпті күрделі болып барады», - дейді Өмірзақ Шөкеев.