Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданында ет саудасын ретке келтіруді тапсырды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы жабайы сауда орындары мен олардың салық төлеу тәртібін ретке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әсіресе, ет саудасымен айналысатын ірі саудагерлердің салықтан жалтарып не салықтың жеңілдетілген түрімен құтылып жүргендерін анықтап, тиісті шара қабылдауды міндеттеді. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің өткен жылдың қорытындысы бойынша есебін тыңдаған аймақ басшысы бұл мәселеге қатысты жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеді», - деді өңір әкімдігінен.


Сонымен қатар, Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының арасындағы тасжолдың құрылысына қатысты мәселені қысқа уақытта шешуді тапсырды. Биыл Сайрам ауданында ауызсумен және газбен қамтамасыз ету 100% орталықтандырылмақ. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы мен өңірде бастау алған «Қамқорлық» жаңа жобасы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылған.

Жылдық есептен соң аймақ басшысы Сайрам ауданының тұрғыны Әлібек Байназар ақсақалды қабылдады. Ардагер облыс әкімінен тозығы жеткен облыстық маңызы бар «Көксәйек – Ақсу – Шаян – Мыңбұлақ» автожолын жөндеуді қолға алуды сұрады. Көлік қарқындылығы жоғары тасжол бірнеше ауылдан өтеді. Облыс басшысы аталған жолдың республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын айтып, мәселенің алдағы ақпан айында шешімін табатынын атап өтті.