Өмірзақ Шөкеев Жаңаөзен қаласының әкімі мен жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Ө.Шөкеев Жаңаөзен қаласына келіп, қалпына келтірілген жұмыстардың барысымен танысты.

Комиссия басшысы әкімдік ғимараты мен басқа да нысандарды аралады. Бұл туралы pm.kz. сайтында хабарланған. Қаладағы қалпына келтіру жұмыстары толық қарқынмен жүріп жатыр, әкімдік ғимаратын әрлеу жұмыстарын дайындайтын және жобалайтын құрылысшылар, жобалаушылар тартылған. Жанып кеткен ғимараттарды бұзу жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» АҚ жүргізеді.

Үкіметтік комиссия басшысына әкімдік жұмысын қалпына келтіруге қажетті құралдардың жартысы сатып алынып, Жаңаөзенге жеткізіліп жатқаны хабарланды.

Ө.Шөкеев Жаңаөзен қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесті. Үкіметтік комиссияға қаладағы қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын, қандай күш тартылып, қанша қаражат бөлініп жатқаны айтылды. Кездесуде депутаттар Жаңаөзен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Жекелеген мәселелер бойынша комиссия басшысы әкімге және жауапты тұлғаларға тапсырма берді.