Өмірзақ Шөкеев жылдың алғашқы күні Түркістандағы құрылыс алаңдарын аралап шықты

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа 2021 жылдың алғашқы күнін облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесуден бастады. Қыс айларында қала аумағындағы жолдарды тазалайтын арнайы техникамен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласының тазалығына жауапты мамандармен кездесіп, оларға алғысын айтты.

«Түркістанды таза қалаға айналдыру мақсатында тазалық жұмыстары күнделікті қарқынды жүргізілуде. Таңның атысы, күннің батысы, мейрам, демалыс демей, тынымсыз атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін үлкен алғысымды айтамын. Таңмен таласа тұрып, қолға күрек алып, ел үшін еткен еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін», - деді облыс әкімі.


Қаланың жолдарын қардан тазарту және көктайғақ болдырмау мақсатында 21 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде 7 техника жолаяқтарды тазалауда. Көктайғақтың алдын алумен «Түркістан жарық-тазалық», «Жасыл Түркістан» және «Жасыл арман» мекемелері айналысады. Қаладағы жолдарға 245 тонна инертті материалдар мен арнайы тұз қоры қолданылуда. Айта кетейік, жаңа жылдық мереке Түркістан облысында тыныш өтті. Барлық құқық қорғау органдары күшейтілген режимде қызмет атқарып, айтарлықтай қылмыс тіркелмеген. Бұл туралы бүгін өңір басшысына ішкі істер департаментінің басшылығы баяндады. 109 - Бірыңғай байланыс орталығында болған Өмірзақ Шөкеев жаңадан енгізілген бақылау жүйесінің жұмысымен де танысты.


«Мейрам, демалыс күндері халық демалып жатқанда, біз демалмауымыз керек. Керісінше, бұл уақытта жұмыс күшейеді. Ел тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ең басты мүдде, негізгі міндетіміз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Тұрғындардан түскен барлық мәліметтер 109 - Бірыңғай байланыс орталығының арнайы жасалған телеграм-бот қосымшасына хабарлама арқылы келіп, сарапшылар тарапынан қадағаланып тұрады. Өңір басшысы бұл күні шаһардағы барлық нысандарға жылу беретін орталық қазандықтың жұмысымен де танысты. Ондағы мамандармен кездесіп, жұмыс барысын қарап шықты. Ал, қаладағы құрылыс алаңдарында жұмыстар демалыс күндеріне қарамастан тоқтаусыз жүруде. Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көріп, карантин талаптарының қатаң сақталуын ескертті. Өмірзақ Естайұлы «Тұңғыш Президент саябағы» құрылыс басында болып, 38 гектар алқаптағы күрделі жұмыстар аяқталуға жақын екеніне көз жеткізді. Бүгінде саябақтың бас қақпасы орнатылып, жолаяқтар салынуда. Көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Субұрқақтар қапталып, жасанды көлдің жағалауы бетондалуда.