Өмірде ештеңе де кеш емес - арбадағы теннистен абсолютті чемпион

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ердәулет Қадымбергенов арбадағы теннистен Қазақстанның абсолютті чемпионы. Ол енді халықаралық жарыстарға қатысып, 2028 жылғы паралимпиадаға жолдама алуды жоспарлап отыр.

Аптасына бес күн төрт сағаттан жаттығамыз 

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақтөбе қаласының Кірпішті тұрғын алабында орналасқан Теннис орталығы мүгедектігі бар адамдардың спортпен шұғылдануына ыңғайлы мекенге айналды. Мұнда қазір арбадағы тенниске қатысатын ересектер мен жасөспірім жаттығу жасайды. Әдетте қарапайым адамдар 2 сағатын спортқа арнаса, арбада отырған жандар аптасына бес күн 4 сағат бойы қолына ракетка ұстайды. Олар түсте екі, кешке екі сағат бойы жаттығу жасап, шеберліктерін шыңдайды. Үш жылдағы жетістік - Ақтөбе Қазақстандағы ең мықты командасы бар аймақ.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

- Төрт жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. ІІ-топ мүгедегімін. Күйзеліске түсіп, қайғы жеп, бос жатқанды ұнатпайтын адаммын. Арада екі ай өткенде кәдімгі пластикалық құбырдан протез жасап алып, көлік руліне қайта отырдым. Отбасым қарсы болды, бірақ мен үйде жата алмадым. Кез келген көлікті айдаймын. Сөйтіп бір жылдан кейін такси қызметіне жұмысқа орналастым. Инватакси айдаймын. Сол кезде теннисші Жанат Үмітқұлованы орталыққа тасып жүрдім. Ол бірде маған осында келіп, жаттығу жасауға, қатарға қосылуға шақырды. Бірақ екі айдай бос уақыт таппадым. Себебі түсте де инватаксиге тапсырыс болады әрі жұмыс берушіге де айта алмадым. Бір күні тапсырыс кейінге қалып, өзім орталыққа келдім. Жаттықтырушымен кездестім. Бүгінде тенниспен шұғылданып жүргенме бір жарым жылдан асты. Бұған дейін теннис ойнап көрмеген адаммын,- деді Ердәулет Қадымбергенов.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ол оқушы кезінде футбол ойнады, үстел теннисіне қызықты. Үлкен теннисті мүлде білмеді. Себебі ол кезде арнайы корт та, спорт кешені де болмаған. Ал арбадағы тенниске қатысқанына бір айдан астам уақыт өткенде еңбек өз нәтижесін бере бастады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

- Тенниске қатысып, бір жарым ай өткенде Almaty Open жарысына жіберді. Сол кезде жұптық ойында Ақтан Шунгаринмен бірге кортқа шығып, бірінші орын алып келдік. Былтыр бірінші рет Қазақстан чемпионатына қатыстым. Ол кезде үшінші орын алдым. Биыл сәуір айында Қазақстан Кубогіне қатысып, екінші орын алдым. Қазақстан чемпионатына қатысып, жеке және жұптық ойында бірінші орын алып, абсолютті чемпион атандым. Қазіргі жұбым - Дінмұхаммед Алиакпаров. Ол Астана қаласында тұрады. Спортшылар жұпта ойнайтын адамды өздері таңдай алады. Екеуіміз бір-бірімізге ыңғайлы болдық,- деді ол. Спорт пен жұмысты қатар алып жүруге отбасы да, әріптестері де қолдау көрсетті. Инватакси қызметі жаттығу уақытына икемделді. Тіпті түскі жаттығу да инватакси қызметін қатар атқарып, спортшы Ақтан Шунгаринді тасымалдайды.

- Таңертең 07:00-де үйден шығарамын, адамдарды тасимын. Түскі ас ішпестен теннис орталығына келемін. Кейін жаттығудан соң жұмысқа ораламын. Кешкі сағат 18:00-ден кейін қайта жаттығу жасаймын. Бірінші орын алу үшін еңбектендік. Жаттықтырушының еңбегі зор. Шамамен аптасына бес күн төрт сағаттан жаттығамыз. Жаттығу дене қыздырудан басталады. Қолды шынықтыру үшін резеңке тартамыз. Арбада отырған соң көп күш қолға түседі ғой. Шапшаңдық керек. Ерекшелігі допты екі соққыдан алуға болады. Өзгесі үлкен теннис ережесімен бірдей. Алдағы уақытта тоқталып қалмай, шетелге шығуға дайындаламыз. 2028 жылы болатын паралимпиадаға жолдама алсам деймін. Сол үшін дайындық жүріп жатыр. Халықаралық жарыстарға қатысу, рейтинг көтеру маңызды. Қазақстанда бірінші болғаныммен, халықаралық рейтинг маңызды,- деді Ердәулет Қадымбергенов.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша он спортшы арбадағы тенниспен шұғылданады. Бір ғана жасөспірім бар, қалғанының бәрі ересек адам. Спорт арқылы жаңа дос тауып, жаңа ортаға кірген теннисшілер қатарға жастардың қосылғанын қалайды. Бірақ құлшыныс аз, әлі де үйден шықпай, өз-өзімен жалғыз қалатындар көп.

- Теннис спортқа, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Мүмкіндігі шектеулі жан болсақ та жетістіктерге жетуге болатынын көрсетті. Қазір жасым қырықта. Қазақстан чемпионы болдым. Өмірде ештеңе де кеш емес. Арман-мақсатың, ниетің болса, дайындалсаң, еңбек етсең жетістікке жетуге болады екен. Теннис орталығы арбаны берді, алғашында ракетканы да ұстатты. Қазір өзімнің жеке ракеткам бар. Шеберлікті шыңдау үшін халықаралық жарыстарды да қарап, олардың ойындарын саралап отырамын. Маусым айында Астанада өткен халықаралық жарысқа да қатыстық. Онда орын алмасақ та тәжірибе жинап келдік. Көрдік, өстік. Өзім де қазір жастарды шақырып, қолдап отырамын. Протез жасатуға барған кезде қызылордалық жігіт болды жанымда. Оны да қызықтырып, бағыт-бағдар бердім. Қазір жарысқа қатысып жүр. Жарыс алаңындағы кортта да кездескенбіз. Менің ойымша жастар арбада отырғанын көрсеткісі келмейді, сондықтан келмейді. Оларға психологиялық қолдау керек. Ал бұл жер үлкен жетістікке жетелейтін орта. Сол орта үнемі толығып, жаңарып отырса бәсекелестік артады, біз де шеберлікті шыңдай түсеміз,- деді ол.

Ақтөбе – Қазақстанның Жапониясы – жаттықтырушы

Арбадағы теннистің, балалар теннисінің жаттықтырушысы Жасұлан Алниязов екі топтың да тілін тапқан маман. Колледжді тәмамдаған соң Орал қаласындағы жоғары оқу орнына түсті. 2021 жылы Ұлыбританиядан келген жаттықтырушының арнайы курсынан өтіп, біліктілігін арттырды. Содан соң әлеуметтік желі арқылы жан-жаққа хабарландыру беріп, осы спортқа қызығатын адамдарды іздеді, иппотерапиядан өтіп жүрген адамдармен сөйлесті. Ал Қазақстан теннис федерациясы арба мен ракетка сатып алып беріп, орталықты жабдықтады.

- Арбадағы теннистің ашылғанына үш жылдан астам уақыт болды. Алдымен арбада отырған адамдарға арналған би үйірмесіне қатысып жүрген жастар келді. Кейін бір-бірінен естіді. Қазір 10 адам қатысып жүр. Бұрын 14 адам еді. Төртеуі әзірге спорттық клубқа ілікпей тұр. Негізі бұл спорт қана емес, оңалту жолы. Бізде Ғаламат Макар екі жыл үйінде отырып қалып, бейімделуі қиынға түсті. Осы спортты таңдаған соң ұйқысы, тамақтануы жүйеленді, бұлшық еті шымыр бола түсті. Ал Ақтан Шунгариннің аяғын сезінуі 15% артты. Спортта қозғалыс көп, адам қуанады, іштегі сезімдерін сыртқа шығара алады. Жарысқа қатысып медаль тағу, тұрақты стипендия алу ғана емес, өмір сапасын жақсартады,- деді Жасұлан Алниязов.

Алғашында спортшылар аптасына үш күн бір сағаттан жаттықты. Кейін аптасына 5 күн бір сағатты бөлді. Қазір аптасына 5 күн екі сағат, ал құрамадағы спортшылар аптасына 5 күн төрт сағат уақытын кортта өткізеді.

- Маусым айында Астанада арбадағы теннистен әлемдік жарыс болды. Оған Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Польшадан спортшылар келді. Біздің спортшылар олардың физикалық, психологиялық дайындығын, ойын жүйесін көріп, үлкен теннис туралы терең білді. Енді жұмысты жүйелейміз. Өзге елде спортшылар арбада отырса да, дерті ауыр болса да жанына адам ертпей жүре береді. Сөйтіп кейбір ауруын жеңе білген. Ақтөбе де осал емес. Бізді Қазақстанның Жапониясы деп айтады. Қазір әлемде спорттың осы түрінен Жапония бірінші орында тұр,- деді жаттықтырушы. Жасұлан Алниязовтың айтуынша, қатаң тәртіп, жүйелі жаттығудың нәтижесі осы. Жаттығуға кешігуге болмайды, уақытылы тұрып, ұйықтау керек. Денсаулыққа зиянды тағамды жеуге тыйым салынған.

Арбадағы теннисте күш спортшының қолына түседі. Сондықтан арбаның ыңғайлы болғаны абзал. Қазір спортшылар бірдей арбаға отырса, кейін Қазақстан чемпиондарына жеке арба жасалады. Олар әлемдік жарыстарда ел намысын қорғауы тиіс.

- Спортшының мүмкіндігіне қарай жаттығу, жүктеме беріледі. Қыздыру жаттығуынан кейін резеңке тартады. Бұл қол күшін көбейтеді. Допты өздері жинайды. Мәселен Оралда спортшы арбаны жүргізе алмады алғашында. Үш жылда бәрі өзгерді, қазір еркін меңгеріп алған. Бұл да оңалтудың бір жолы екенінің дәлелі. Ақтөбеде де электрарбамен жүретін ойыншы бар. Сол қолы осы жерде икемге келіп, қозғала бастады. Алғашқы чемпионатқа еліміздегі өңірлерден 17 адам қатысса, соңғысында 60 спортшы барды. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Тез даму кейде құлдырауға әкеледі. Сондықтан ақырын алға бассақ, бағытымыздың дұрыс болғаны,- деді Жасұлан Алниязов.

Жаттықтырушы арбадағы теннисшілердің бәрін жарысқа қатыстырады. Бұл бірінің орнын бірі басатындай спортшы тәрбиелеуге мүмкіндік берді. Алдағы жоспар – ерекше балаларды үйрету. Балаларды 8 жастан бастап қабылдауға мүмкіндік бар. Олар үшін арнайы арба да сатып алынған.

- Ата-аналар сенбейді, тасымалдауды қиынсынады. Егер сенім болса, бәрі өзгерер еді. Мұндағы кортта мектеп оқушылары да жаттығады. Алғашқы кезде олар арбада отырған ересек адамдарды көріп түсінбеді, қорықты. Ал қазір балалар оларды қаз-қалпында қабылдап үйренді. Тіпті арбада отырған спортшылар инватаксимен жеткізіп тастап, араларында сенім, достық қатынас орнады. Ал шетелде бәрі басқаша. Мүгедектігі бар адамдардың бәрі қалыпты өмір сүріп жүр. Оларды бөлмейді, тең санайды. 2023 жылы Италияға жол түсті. Теннис орталықтарының бәрі мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы етіп жабдықталған. Спортшылар арба дөңгелегін өзі үреді, өзі майлап, жөндеп те алады. Арбаға өзі отырып, түседі. Сөйтіп бізде де осы тәртіп енді. Жаттықтырушы тек жаттықтырады. Алдағы уақытта бір ғимарат іші, арнайы орындар ғана емес, қоғаммен тең өмір сүретін күнге жетеміз деп ойлаймын,- деді ол.

Айта кетейік, биыл маусымда Астанада арбадағы теннистен алғашқы ITF Futures Series турнирі өтті. Орталық Азия бойынша алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа АҚШ, Жапония, Аустралия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан, Польша, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және өз еліміздің өкілдері қатысып, бірнеше күн бойы бақ сынады.