Он бестегі аналар: Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жасөспірімдер орта есеппен 15 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес отырысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова мәлімдеді.
- Қоғамдық пікірді зерттеу институтының сауалнамалары мен сараптамаларының нәтижесінде Қазақстанда жасөспірімдер орта есеппен 15-19 жас аралығында ерте жыныстық қатынасты бастайтыны анықталды. Қатынасқа түскен жасөспірімдердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болған. Соның ішінде – 62%-ы босанған, 22%-ы – жасанды түсік жасатқан. Жасөспірімдердің 16%-ында жүктілік өздігінен түсік тастаумен аяқталған, - дейді кеңес жетекшісінің орынбасары.
Ал кеңес отырысына қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры соңғы жылдары ерте жүктілік деңгейі айтарлықтай азайып келе жатқанын айтты.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік деңгейі 11%-ға төмендеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1000 қызға шаққанда 4,77 болса, 2024 жылы 4,25-ке дейін азайған. Жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші де 8%-ға төмендеп, 2023 жылы 1000 қызға шаққанда 3,14 болса, 2024 жылы 2,88 болған. Түсік жасату көрсеткіші де 13,4%-ға азайған – 2023 жылы 1000 қызға 0,82, ал 2024 жылы 0,71, - дейді Гүлнәр Сәрсенбаева.
Алайда, маман бұл көрсеткіштердің өзі алаңдатарлық жағдай екенін тілге тиек етті. Себебі, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу қыз балалардың репродуктивті денсаулығына кері әсерін тигізеді екен.
- Бүгінде елімізде 9,8 миллион әйел тұрады, оның ішінде 5 миллионнан астамы – бала туу жасындағы әйелдер. Ал 18 жасқа дейінгі қыздардың саны – 3 миллионнан асады. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік – қоғам үшін аса маңызды әлеуметтік көрсеткіштердің бірі. Қыз балалардың репродуктивті денсаулығына қазіргі кезеңде ерте жыныстық қатынастың басталуы, жыныстық жетілудің бұзылуы, соған байланысты жүктілік, босану және түсік мәселелері кері әсерін тигізуде. Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы алғашқы жыныстық қатынас жасының медианалық көрсеткіші – 16,5 жас, - дейді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры.
Денсаулық сақтау министрлігінің маманы жасөспірімдердің арасында жүктіліктен қорғану тәсілін білетіндер тым аз екенін айтады.
— Ерте жастан жүкті болған жасөспірімдер келгенде біз медициналық көмек көрсетіп, жүктіліктің себебін анықтаймыз. Зорлық фактісі анықталса, құзырлы органдарға хабарлаймыз. Мұндай жағдаймен аяғы ауыр болып қалатын жасөспірімдер көп. Бірақ ерте жастан жүкті болғандардың басым бөлігі жыныстық қатынасқа өз еркімен ерте түсетіндер, – дейді ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, ШҚО-да 50 жастағы әйелдерден жүктілік анықталды.