Он екі араб және ислам елдері Иранды шабуылдарды тоқтатуға шақырды

Фото: Saudi Рress Аgency

АСТАНА.KAZINFORM - Эр-Риядта өткен консультативтік кездесуге қатысушылар Иранды агрессияны дереу тоқтатуға шақырды.

Кеше Сауд Арабиясының астанасында Әзeрбайжан, Иордания, БАӘ, Бахрейн, Пәкістан, Түркия, Сирия, Қатар, Кувейт, Ливан, Мысыр және Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлері мен өкілдерінің Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын талқылау және үйлестіру үшін консультативтік кездесуі өтті.

Сауд Арабиясының жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, кездесуге қатысушылар елдердің егемендігі мен халықаралық құқықты бұзатын зымыран шабуылдары мен дрон шабуылдарын қатаң айыптады. Олар Иранды агрессияны дереу тоқтатуға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарын орындауға шақырды.

Делегаттар аймақтық қауіпсіздік үшін тату көршілік қағидатын бұзудың ауыр салдары туралы ескертті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Иранның Бушер атом электр станциясына шабуыл жасалып, МАГАТЭ сабырлылыққа шақырды.