Оң рөлді автокөліктердің жарық беру шамдарының жүйесін техникалық регламентке сай сәйкестендіру қажет

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Келесі техникалық байқауға дейін оң рөлді автокөліктердің жарық беру шамдарының жүйесін еліміздің техникалық регламенттеріне сай сәйкестендіру қажет.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктің бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әсет Асаубаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, оң рөлді көліктер шамдарының жарық түсіру бұрышы еліміздің техникалық регламентіндегі талаптарға сай келмейді. Сондықтан да аталған көліктердің иелеріне жарық шамдарын сәйкестендіру туралы талаптар қойылып отыр.  

 Атап айтқанда, автокөлік иелері осы ескертуді келесі техникалық байқауға дейін орындауы тиіс. Яғни, әзірге техникалық байқаудан өтті деген куәлік аталған сәйкеспеушілікті ескерместен келесі техникалық байқауға дейін берілетін болады.