Он сағаттап тапжылмай көретін көрермендеріміз бар – айтыскер Жарқын Жұпархан

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынан айтысқа түсіп, жыр сайысының көрігін қыздырып жүрген танымал ақын Жарқын Жұпархан бүгінде шәкірт тәрбиелеп, жас ақындарды қасиетті қазақ өнеріне баулып жүр. Жақында ғана Қызылжар өңірінде өткен халықаралық айтыстың жоғары деңгейде ұйымастырылуына мұрындық болған, осы сөз сайысында екінші орынды жеңіп алған айтыскермен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Жарқын, сіздің кезінде ұлы көшпен Моңғолиядан тарихи Отанға қоныс аударғаныңызды білеміз. Сол кезді бір сәт еске түсірейік, жасыңыз нешеде болды? Қай өңірден көшіп келдіңіздер? Өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетіңізші...

- Менің туып-өскен жерім - Алтайдың күнгей беті, байырғы жұрт Баян Өлгей аймағы, яғни Моңғолия мемлекетіне қарасты Үш ойғыр деген елді мекенде өмірге келдім. Менің туған жерім өркеш-өркеш таулар мен адыр-адыр белдердің арасы. Тау басынан сарқырап ағып жатқан бұлақтары бар табиғаты ерекше бір сұлу елді мекенде тудым. Сол жақта балабақшаға бардық, мектепті бітірдік. Мектепті 2006 жылы бітіргеннен кейін, мен «шеттегі қазақ балаларын ата жұртта оқыту» деген бағдарлама бойынша емтихан тапсырып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне жолдама алдым. 2006 жылы ата-жұртқа, атамекенге, байырғы аталарымыздың қаны тамған киелі бесікке қадам бастым. 2007 жылы жоғары оқу орнына түсіп, журналистика мамандығы бойынша төрт жыл оқып, білім алып шықтым. Ата жұртқа келгеніме, қызырлы Қызылжарға аяқ басқаныма биыл 15 жыл болыпты. Содан бері қаншама қызықты, қуанышқа толы дүниелер болып жатыр.

- Сізді халық айтыскер ақын ретінде жақсы біледі. Өзіңізді алғаш ақындық өнерге жетелеген кім?

- Енді ауылда өскеннен кейін қозы қайырамыз жазда, сонда жай жүрмей кітап оқып, ақындардың өлеңдерін жаттауға құмар болдым. Мектепте өтетін іс-шараларға белсене қатысып, бір шумақ, екі шумақ өлеңдер жазып беретінмін. Балалық шақтың қызықты сәттері көп қой, хат алмасып, хат берісіп, бала махаббат деген бар. Ал осы айтысқа, поэзияға мені алып келген ұстазым ол - Аманжол Зағыпарұлы. Осы атамекенге келгеннен кейін 2006 жылдың аяғында Петропавлда бір іс-шара өтті, осы іс-шарада мен бір өлең оқып бердім. Сол жерде Аманжол Зағыпарұлымен танысып, «Жарқын, сен өлең жаза алады екенсің, ендеше неге айтысқа шықпасқа» деп ой тастап, баулыды. Өлеңге бейім, өнерге бейім адамдар туған-туыстарымыздың арасында өте көп.

- Қандай марапаттарға ие болдыңыз? Темір тұлпар мінген кезіңіз болды ма?

- Марапаттан кенде емеспін, бұйырғанын алып жатырмын, беріп жатыр еңбегімді елеп. Алайда әлі күнге айтыстан темір тұлпар мінген жоқпын. Бірақ мен үшін жоғары, бәрінен ең биік марапат ол – елдің ықыласы, пейілі.

- Поэзияға қалайсыз?

- Өлең жазамын, бірақ мен айтыстың сойылын соғып жүргеннен кейін соңғы кездері өлең жазбай кеттім. Бірақ арасында белгілі бір себептерге қатысты өлең жазатын кездеріміз болады. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» деп жатады ғой, әрекідік жазып қоямыз.

- Айтыстан басқа немен айналысасыз?

- 2019 жылы Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебін аштық. Сол жерде жас ақындарымызды даярлаймыз. Оларды әр өңірде өтіп жатқан айтыстарға апарамыз. Оның дайындығы, қаржылық мәселесі бар, киіммен қамту керек. Қазір мұның бәрін ақырындап шешіп жатырмыз. Оның сыртында өзіміздің жеке өміріміз, бала-шағамыз бар. Оған көңіл бөлу керек. Жеке шығармашылықпен айналысамын, айтыстарға барып қатысамын.

- Кейде тойлардан асаба ретінде көріп қаламыз...

- Біршама жыл тойда жүрдім. Бір кісідей той жүргіземін. Бұл барлық өнер адамдарының басынан өтіп жатқан жағдай ғой. Күнкөріс үшін, екіншіден халықтың қызық-қуанышымен бөліскенге не жетсін. Мен 2009 жылдан бастап 2020 жыл - пандемияға дейін тойларда жүрдім. Соңғы бір жылдан бері тамадалықтан үзілді-кесілді бас тарттым. Қаншама адам той бойынша хабарласып жатады, бірақ менің оған құлқым жоқ, қазір үйден бір адым аттап шықсақ қорқып отыратын болдық қой. Өйткені үйде 7-8 айлық кішкентай балапаным, балаларым бар, әке-шешем қолымда тұрады. Бір жағынан сол кісілердің денсаулығына алаңдап, екіншіден өзім де бір демалайын, жаңаша бір ой алайын деген ниет.

- Көрермендер арасында бүгінгі айтыс табиғи емес, жаттанды болып кетті деген пікір бар. Бұған сіздің көзқарасыңызды білсек...

- Айтыс табиғилығын жоғалтып алды дегенге қарсымын. Керісінше, бұрынғы деңгейінен біршама өсті. Суырып салмалық жоқ, жаттандылық дегенге де қосыла алмаймын. Өйткені қазір қазақ айтыс өнерінде жүрген қай ақынды алып қарасаңыз да, бірінен бірі өткен жүйріктер. Сахнада жұптап көріп жатыр, қамшы салдырып жатқан жоқ. Бір күн қалғанда немесе көрермендерге жеребе тартқызып ақындарды жұптайды, ешкім жерге қаратып жатқан жоқ.

- Өзіңіз айтысқа қалай дайындаласыз?

- Айтысқа енді кәдімгідей дайындаламын. Тақырыпты алдын ала береді ғой. Басқа өңірде өтетін болса, сол елді мекенде қандай жақсы жаңалықтар бар, қандай шешілмей жатқан мәселелері бар соларды айтуға тырысамын. Кім қарсылас болып қалады деп елеңдейсің ғой, сол себепті қарсыластарды зерттейсің. Өзім іштей дайын жүрем айтысқа. Бірақ мен айтысқа көп шыға беретін ақындардың қатарынан емеспін. Жылына көп болса 2-3 айтысқа ғана қатысамын. Көбіне ұйымдастырушылық жағында жүремін. Айтысты өткізу, ақындарға жағдай жасау, шәкірттерімді биіктерге көтеру.

- Қазіргі айтыстың ерекшелігі неде? Жалпы жұрт қалай қабылдап жүр?

- Мысалы, театрға келген адам одан асқақ көңіл-күймен шықса, айтыстан көрермен одан екі есе жоғары рухани рахат алады. Халықтың мұңын да, сырын да айтып, күлдіріп отырып, жылататын біздің ақындарымыз жоқ емес – бар. Жалпы атам заманнан қазақ айтысты қалай қабылдап келе жатса, қазір де пейілі сондай. Қай өңірде айтыс өтпесін, залда көрермен толып отырады. Тағы бір айта кететін жайт, концерт ең көп дегенде екі сағатқа созылады, одан кейін халық жалыға бастайды. Театрда қойылым бір сағаттан асып кетсе, сағатыңа қараумен боласың. Ал айтыста халықтың 10 сағаттап қозғалмай отырғанын көріп жүрміз. Көрермен қызық болғаннан кейін, рухани нәр алғаннан кейін отырады ғой.

- Солтүстік Қазақстанда айтыстың қазіргі деңгейі қандай? Ақындар ортасы қалыптасқан ба?

- Біздің облысымызда, Аллаға шүкір, қазір айтыс деңгейі көтеріліп келеді. Жалындаған жастар өсіп келе жатыр. Бүгінде республиканың басқа өңірлері бізбен санасатын болды. Бізде де ақын бар, қазір топқа қосып жіберсең, көмбеден келіп шылбыр ұстататын жүйріктер барлығын білді, көрді. Бірақ әлі де жетілдіретін, әлі де дайындалатын тұстарымыз жетерлік. Ақындар ортасы 100 % болмаса да, соның жартысына қалыптасты.

- Ерік Асқаров атындағы айтыс мектебінің ашылуына себепші болдыңыз. Беталысы қалай? Жас жұлдыздар бар ма?

- Жас ақындар мектебін ашу туралы қаншама жыл бастама көтеріп, әйтеуір 2017 жылы ойым жүзеге асты. 2019 жылы оған Ерік Асқаровтың есімі берілді. Пандемияға байланысты жұмыстардың аздап іркіліп қалғаны бар, өнер адамдарын онлайн даярлау деген мүмкін емес дүние. Оларды көзбе-көз отырып, сахнада дайындамасаңыз өте қиын. Айтыскер ақынның суырып салмалық қабілетінен бөлек, тілдік қорының мол, жан-жақты білімді болуы аса маңызды. Мақсатымыз – ақындық өнерге баулу, бағыт-бағдар беру болды. Жетістіктеріміз жоқ емес, жас жұлдыздарымыз бар. Аяған Диас, Дәулет Құрмаш, Ермек Жұмин деген балаларымыз қазір оқушылар, жастар арасындағы айтыстарда жүлделі орындарды алып жүр. Амандық болса 4-5 жылдан кейін Қызылжар өңірінен тегеурінді, кім келсе де қасқайып қарсы тұра алатын ақындар шығады, мен оған кәміл сенемін.

- Әнеугүні Петропавлда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті. Ұйымдастырылуы, деңгейі көңіліңізден шықты ма?

- Халықаралық деңгейдегі айтыс СҚО тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекетінен 4 ақын келсе, өзімізден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 12 ақын, барлығы 16 ақын қатыстық. Айтыстың деңгейіне қатысты, сырттан келген ағаларымыз және көрерменнің пікіріне сүйене отырып айтар болсам, ешқандай мін де, сын да, алып қашпа пікір де болған жоқ.

- Қазір не оқып, не көріп жүрсіз?

- Дәл қазір осы уақытта осындай дүниені көріп жатырмын, сондай шығарманы оқып жатырмын деп айта алмаймын. Өйткені соңғы екі-үш ай қарбалас болып кетті. Қаншама айтыстарға барып келдік, айтыс ұйымдастырдық. Одан басқа да іс-шараларымыз бар. Бірақ қолым қалт еткенде кітап оқуға тырысамын, қазақтың тарихына қатысты көркем, деректі фильмдер көрген ұнайды.

- Әңгімеңізге рахмет!