Он жастағы Әлинұр Рақым үлкен салмақпен дүниеге келіп, гипоксия немесе оттегі жетіспеушілігі белгілері байқалған соң дәрігерлер оны бақылауға алған. Анасы ұлы сол кездің өзінде бір орында тұра алмайтын жыбырлақ болғанын айтты.
— Ұйқысы шала болғасын түнде жылайтын. Жеті жасынан бастап невропатологтың тағайындауымен тыныштандыратын дәрі бере бастадық. Бас сүйегінің қысымына байланысты ем қабылдадық, қосымша дәрумендер бердік. Өскен сайын дерті үдеп барады. Өте көп жыбырлайды. Ташкенттен келген дәрігерге көрсеткенімде өте белсенді екенін айтып, 12-13 жасқа келгенде басы ауыратын халге душар болуы мүмкін екенін ескертті. Дәрінің күші уақытша ғана, арасында молдаға дем салдырамын, сол кезде ғана жағдайы жақсарғандай болады. Түнде төсегінде екі-үш сағат бойы домалап жатады. Кейде «ұйықтай алмай жатырмын» деп жылайды. Емхананың невропатолог дәрігеріне айтып, МРТ мен ЭЭГ-ге түсірдік, қорытындысы таза болып шықты, — деді Айнаш Қайыпбаева.
Әлинұрдың халі күн өткен сайын нашарлап бара жатқаны жалғызбасты ананың жанына қатты батады. Жыл басында облыстық балалар ауруханасында жатып ем алған кезде дәрігерлер баланың жағдайына көз жеткізу үшін палатасына камера қойып, бақылаған. Алайда анасы камерадан оны жалғыз өзі қарағанын, ауруханадан шыққаннан кейін дәрігерлер камераны ашып, бірге көруден тас тартқанын айтып отыр.
— Астанаға жіберуді сұрадым, диагноз қойылмағандықтан олар бас тартыпты. Өздері диагноз қоя алмайды, білетін жерге жібермейді. Күнде баламның жастығының астына Құран кітабын қоямын. Бес минут бір қалыпта жату жоқ, бір сағаттан артық ұйықтай алмайды. Кейде таңға таяу көз іледі. Соның кесірінен көбіне сабақтан қалуға мәжбүр. Дәрілері қымбат, үш жылдан бері үзбей ішіп жүр, сатып алуға ақша табыла бермейді, — деді ол.
Жас ананың Әлинұрдан үлкен қызы балалардың церебралды параличі, яғни ДЦП дертіне шалдыққан. Екеуінің күтімінен босамаған соң үй шаруасымен айналысып, тек соның жәрдемақысына күнелтеді. Үшеуі аядай пәтерді жалдап тұрып жатыр. Ұлын жан-жақты тексертіп, емдетуге қолы қысқа.
Біз мән-жайды Әлинұр тіркелген Қызылорда теміржол ауруханасының басшылығынан сұрап білдік.
— Анасының шағымына байланысты бала невропатолог, педиатр кеңесіне жүгініп, күндізгі стационарда ем қабылдады. Екі жасынан бастап неврологиялық ем қабылдаған. Гипертензия диагнозы қойылған, бірақ ол қазіргі кезде синдром ретінде қарастырылады. Пациент дәруменді терапиядан өткен. Нақты диагноз қойылмады. Облыс деңгейінде екі рет, телемедицина арқылы бір рет консилиум жасалды. Аспаптық тексеру барысында ұйықтайтыны тіркелді. Ал мамасы «ұйықтамайды» деп отыр. Балалар ауруханасында жатқанда балаға дәрі берілген жоқ, соған қарамастан ұйықтаған. Ұйқының үш кезеңінен өтетіні анықталды. Баланың ұйқы режимі ауысып кеткен сияқты, бұл — өз ойым. Шыққан соң қан айналымы жақсарып, көмегі тиер деген оймен екі баласына да, өзіне де емханадан тегін массаж алуды ұсындым. Кейінге қалдырды. Анализ тапсырғанда ферритин, кальций мен темір сәл төмен, D дәрумені тіпті төмен болды. Бұлар ұйқысыздыққа тікелей әсер етпейді, бірақ ұйықтататын дәрі бергеннен гөрі қосымша ауруларын емдеп, спортпен айналысуды ұсындық, келіспеді. Көп қимылдайтыны құрттан шығар деп тексергенімізде ол таза болып шықты. Облыстық консилиумда бала тыныш отырды, мазасыз деп айта алмаймын, сұрақтарға да орнымен жауап берді, — деді аурухана директорының емхана ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Бауыржанқызы.
Айнаш Қайыпбаева ұлын спортқа баулуға педиатр әлі ерте деп кеңес бергенін алға тартты. Өйткені бойында кальций аз, сүйекке зақым келуі ықтимал.
— Өскен сайын қылығы да өзгеріп келе жатыр. Дәрінің әсері ме, қайдам, кейде өзінен өзі күледі, кейде шыңғырады. Адам тыңдамай кететіні де, себепсіз ұрып жіберетіні де бар. Дәрігерлер «Сомнол» деген дәріні беруді ұсынған, бас тарттым. Шектен тыс пайдаланса, үлкен адамның өзіне зиян екен. Ендеше, оны балаға қалай беруге болады? Психолог баламның мінез-құлқын жөндеумен айналысудың орнына «спортқа беріңіз» деп қарап отыр. Ал оған педиатр әлі ерте деп есептейді, — деді кейіпкеріміздің анасы.
Әлинұрдың тәбеті де, иммунитеті де төмен көрінеді. Суыққа сезімтал, жиі тұмауратады. Есесіне сабақ үлгерімі жақсы екен.
— Анасының сөзінше, бала үш жылдан бері ұйықтамайды. Бұл аралықта тәртібі, мінез-құлқы өзгереді. Бірақ олай емес, сабақты жақсы оқиды екен. Егер бала ұйықтамаса, сабаққа ынтасы болмас еді. Көптеген сомнологпен сөйлестім, үш жыл ұйықтамау мүмкін емес екенін айтып отыр. Осы аралықта оның психиатриялық немесе неврологиялық салдары көрінеді екен. Психолог мінез-құлқынан өзгеріс байқаған жоқ, — деді Ақерке Бауыржанқызы.
Аурухана басшылығының пайымдауынша, нақты диагноз қою үшін сомнолог кеңесін алып, ФСГ тексерісінен өту керек.
— Анасы күн жылығанда, яғни наурыз айында бара алатынын айтты, біз сол уақытты күттік. Жол шығынын төлеп береміз, ақылы болса, оны да көтереміз. Ем алуға барған қаласында жатын орнын ұйымдастыру үшін демеушілер іздеп жатырмыз, — деді аурухана директорының орынбасары.
Әлинұрдың анасы қиындықты еңсеру үшін көпшіліктен қаржылай демеу мен қолдау күтеді.
Бұған дейін дейін әлеуметтік желіде Қызылорда облысының Қазалы ауданында бір отбасының қабырғасы қаусап, сұрқы қашқан үйде тұрып жатқаны туралы бейнежазба тарап, аудан әкімдігі көмек қолын созған еді.