Оңай ақша таппақ болған Петропавл тұрғыны 19 млн теңгесінен айырылды

Фото: ҚР ҰҚК

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бес ай ішінде 27 тұрғын ақшасын «инвестицияға» салып, алаяқтарға алданды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «ақшаны көбейту», «инвестиция» және тез табыс табуды уәде ететін өзге де интернет-алаяқтық схемалар соңғы кезде белең алған.

- Әлеуметтік желілерде жеңіл жолмен табыс табу туралы жарнамалар жиі кездеседі. Жарнамадағы сілтемеге өткен соң, алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін инвестициялық немесе кеңес беру компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырады, «болашағы зор биржалық мәмілелерге» ақша салуды ұсынады.

Жәбірленуші арнайы интернет-ресурста тіркеліп, «жеке кабинеті» арқылы табысының өскенін көреді. Шын мәнінде оның ешқандай маңызы жоқ, алайда кей адамдар үлкен несие алады, таныстарынан қарыз сұрайды, - дейді полиция қызметкерлері.

Мәселен Петропавл тұрғыны «биржалық ойындарға» 19 млн теңге аударған. Доллармен есептелген «табысы» үнемі өсіп отырған, бірақ ол ақшасын алмақ болғанда, алаяқтар байланысқа шықпай қойған.

Полицейлер интернет пен әлеуметтік желі қолданушыларының «жеңіл табыс табу» туралы уәдеге сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.

Бұған дейін СҚО-да ара шаққан ер адам өлім аузынан қалғанын жазған едік.