Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектесемін деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі тергеліп жатыр.
Осындай схеманың кезекті құрбаны Астрахан ауданы Жалтыр ауылының 26 жастағы тұрғыны болды. Биыл сәуірде ол жүргізуші куәлігін алуға көмектесу жөнінде шала таныс ер адаммен келіседі. «Қызметі» үшін оған шамамен 168 мың теңге берген.
Алайда бірнеше ай өтсе де, ақмолалық тұрғын жүргізуші куәлігін де, ақшасын да ала алмаған. Осыдан кейін ол полицияға жүгінген.
Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, арызданушының өзінің әрекетінен де заң бұзушылық белгілері анықталуы мүмкін.
Тергеу барысында ақшаның қандай мақсатпен және қандай жағдайда берілгені қоса тексеріліп, нәтижесінде тиісті құқықтық баға беріледі.
Полиция жүргізуші куәлігін заңды түрде тек белгіленген рәсімдерден өтіп, қажетті емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін ғана алуға болатынын еске салды.
– Ақшаға «мәселені шешіп беру», емтихансыз жүргізуші куәлігін алып беру немесе оны белгіленген тәртіпті айналып өтіп рәсімдеу туралы ұсыныстар күдік тудыруы керек. Уақыт үнемдеуге немесе емтиханнан жалтаруға ұмтылу ақшадан айырылып қана қоймай, өзінің заңға қайшы әрекеті үшін жауап беруге әкелуі мүмкін, – деп ескертті полиция.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында жүргізуші куәлігін алмақ болған ер адам алаяққа 6,6 млн теңге берген.