Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы
10:28, 27 Наурыз 2009
Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы (1904-1989) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Түркістан орман техникумын бітірген. Ташкент ирригация институтында меңгеруші, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шарушалығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халық комиссариаты басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, Атырау облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. 1962 жылы зейнет демалысына шығып, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысқан.
Н.Оңдасынов Қазақстан Үкіметін 1938-1951 жылдары аралығында, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қираған, тұралаған шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде басқарды. Сол сын сағатта төс пен балғаның ортасына түсе жүріп, ұлтының мүддесін ұмытпай, «Орталықтың» оябын тауып, небір қиын мәселені қисынына келтіре отырып шешкен еңбегі орасан. Ол Үкімет басына келісімен 20-шы жылдардан бері созылып келе жатқан елдегі сауатсыздықты жоюды бірден қолға алып, қаулымен міндеттеді. Осыдан кейін жер-жерде сауат ашу курстары мен мектептер көбейді. Нәтижесінде 1939 жылы жүргізілген халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 76,3 пайызы сауатты болды. Сауаттылығы жағынан Одақ көлемінде бұрын ең соңында болған Қазақ мемлекеті 5-ші орынға көтерілді. Ғылымсыз, білімсіз ел дамымайтындығына көзі жеткен ол осы саланы көтеруге барынша күш салды. Соғыс жылдарының өзінде-ақ Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория, Шет тілдер институтының шығыстану факультеті, Қыздар педагогикалық институты, Дене тәрбиесі институты, Шымкент технология институты, Қарағанды мен Семей медицина институттары, Қарағанды кен институты және барлық облыс орталықтарына дерлік Мұғалімдер институты ашылды. Мектеп жасындағы балалар жүз пайыз оқуға тартылды. Теміртаудағы тұңғыш Қазақ металлургия зауыты, Мойынты-Шу темір жолы, Арыс-Түркістан арнасы, Қазақстан Ғылым академиясы сияқты маңызды нысандар салынды.
1944 жылы үлгісі мен дәстүрі қалыптасқан үлкен ортадан келген өнер шеберлерін тарта отырып, «Қазақфильм» киностудиясының құрылуына ұйытқы болды. Ұлт рухын көтеру шараларын күшейтіп, Республикалық ақындар айтысын, Абайдың 95, 100 жылдық мерейтойларын өткізу, «Едіге жырына ? 600 жыл», «Абай» романының алғашқы кітабын республика көлемінде атап өту ісін ұйымдастырды.
Ол Қазақстан Ғылым академиясының басына Қаныш Сәтбаевтың келуіне себепші болды. Ғалымның «Социалистік Қазақстан» газетіне шыққан мақаласын оқып, оның тың ойларын, идеяларын ұнатып, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, сөйлескеннен кейін КСРО Ғылым академиясының президенті В.Коморовқа алып барып: «Қазақ Ғылым академиясының болашақ президенті» деп, бірден таныстырады. Сондай-ақ ол мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев пен қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Х.Наурызбаевтың таланты мен талабын танып, бірін ? үлкен саясатқа, екіншісін ? үлкен өнерге әкелді.
Тарихта Н.Оңдасыновқа қатысты ұлы шындық бар, ол Үкімет басында отырғанда тың көтерілмеді, Солтүстік облыстар Ресейге берілсін дегенге қосылмады, Оңтүстік Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға бермеді. Орталықтың Қазақстанды бөлшектеу саясатына барынша қарсы болды. Дегенмен анда-санда үлкен мінберлерден «тыңды көтерсек, аудандарды берсе...» деген сыңаржақ пікірлер айтылып жүрді. Бірде бұл пікірге, үлкен пленумда, шаршы топтың алдында Н.Оңдасынов: «Егер тың көтеретін болсақ, аштық жылдарында шет елдерге, басқа республикаларға ауып кеткен миллионнан астам қазақтарды шақырып, сосын көтерейік!» депті.
Бүгінгі таңда бәріміздің де үлгі-өнеге алып, оны балаларымызға айтып, жастарымызға жария етердей өнегелі сөзі ? Үш анығы қалды, Н.Оңдасынов: «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым ? қолым таза! Екіншіден, нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, 1937-1938 жылдың қаралы күндерінде «үштіктің» бірі болып, біреудің сыртынан қол қойып, яғни, ешкімнің қанын мойныма артқаным жоқ ? арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлгенде, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін ? жүзім таза!» - дейді. Сөйте отырып үш өкінішін де жасырмайды: «Біріншіден, «Сөз өнері ? дертпен тең» деп Абай босқа айтпаған екен. Мен де дерттімін бұл күнде. Сөз төркінін іздеу қандай қызық, қандай ғажап, қандай сиқырлы! Тек өкінерім ? жүргелі тұрған пойызға билет алып қойған жолаушыдай қопаңдаймын да отырамын. Уақытымның аз қалғанына, жасымның тым ұлғайып, бастаған сөздіктерімді жалғастыратын шәкірт тәрбиелемегеніме өкінемін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген осындайдан айтылса керек. Екіншіден, зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеуге емес, Алматыға көшуім керек еді. Елден ұзап, үнемі сағынышта жүремін, басқа ортаны өгейсимін. Үшіншіден, әйелім орыс ұлтының өкілі. Өмір бойы сыйластықта өткен әйелімді ол үшін жазғыра алмаймын. Өкінерім балаларымды «жоғалттым» деуіме болады, олар қазақи рухтан, түсінік-түйсіктен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрден мақұрым қалды. Ол үшін халқымнан кешірім сұраймын...
Көрнекті мемлекет қайраткері өмірінің 25 жылын «Арабша, парсыша, қазақша түсіндірме сөздік» жазуға арнады. «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері», «Араб текті қазақ есімдері» атты еңбектер қалдырды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар мектептер мен көшелерге Н.Оңдасынов есімі берілген. 2004 жылы қоғам қайраткерінің 100 жылдық мерейтойы Түркістан қаласында атап өтіліп, ескерткіші және мұражайы ашылды Ол 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», 3 мәрте «Ленин» орденімен марапатталған.
Дереккөздері:
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 7 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы
«Жалын» журналы, № 9, 2008 жыл