Өңдеу өнеркәсібіне 10 трлн теңге бөлінді: нәтижесі қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі тұтынудағы отандық өнім үлесінің қалай өзгеріп жатқанын бірде-бір мемлекеттік орган бақыламайды. Бұл туралы Құрылтайда өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Наталья Годунова айтты.

Фото: primeminister.kz

— Соңғы жылдары мемлекет өңдеу өнеркәсібін қолдауға қомақты ресурстар бағыттады. Алайда басты мәселе қаржыландыру көлемінде емес, қол жеткізілген экономикалық нәтижелерде болып отыр. Біздің деректеріміз бойынша, 2010 жылдан бері өңдеу секторын қолдауға бюджет пен Ұлттық қордан кемінде 10 трлн теңге бөлінген. Осы кезеңде оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыздан 12,8 пайызға дейін өсті, яғни өсім небәрі 1,5 пайыздық тармақты құрады. Мұндай өсім мемлекеттік қолдаудың ауқымына сәйкес келе ме? Өйткені өңдеу секторының экономикадағы үлесі оның тұрақтылығын көрсетеді. Дәл осы көрсеткіштің оң динамикасы құрылымдық өзгерістердің айғағы болып саналады. Бұл міндет ұлттық стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде белгіленген, — деді депутат.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 15 млрд доллардан 29 млрд долларға дейін өсті, яғни екі есеге жуық артты. Алайда оның елдің жалпы экспортындағы үлесі небәрі 10 пайыздық тармаққа өсіп, 36 пайызды құрады. Ал жоғары технологиялық өнімдердің үлесі өте төмен. Экспорт құрылымында бұрынғысынша металлургия өнімдері басым. Сондықтан экспорт көлемінің өсуі өздігінен экономиканың жеткілікті деңгейде әртараптанғанын білдірмейді.

— Одан кем емес маңызды көрсеткіш — еңбек өнімділігі. Оның номиналды долларлық мәні де екі еседен астам өсіп, бір жұмысшыға шаққанда 30 мың доллардан 63 мың долларға жетті. Бұл ретте нақты өсім шамамен 70 пайызды құрады. Бұл маңызды, өйткені өндіріс тиімділігінің артқанын дәл осы нақты көрсеткіш арқылы бағалауға болады. Импортқа тәуелділік те жоғары деңгейде қалып отыр. Шығыс Қазақстан облысында өткен комитеттің көшпелі отырысында тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының өзі импорттық қаптама материалдарына, компоненттерге, кейде тіпті шикізатқа да тәуелді екеніне көз жеткіздік. Бұл жекелеген өндіріс орындарын ғана емес, толыққанды өндірістік тізбектерді дамыту қажеттігін растайды, — деді Наталья Годунова.

Құрылтай депутатының атап өтуінше, жалпы өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің импорты 21 млрд доллардан 61 млрд долларға дейін өсті. Бұл ретте ішкі тұтынудағы отандық өнім үлесінің қалай өзгеріп жатқанын бірде-бір мемлекеттік орган бақыламайды. 2020–2025 жылдары өңдеу секторының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі шамамен 11 трлн теңгені құрады.

— Дегемен, мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесіне қанша жеке инвестиция тартылғаны түбегейлі маңызды. Өкінішке қарай, «Бәйтерек» холдингі қаржылық қолдау шараларынан бөлек, салықтық преференциялар, жер учаскелері және мемлекеттік заттай гранттар да берілетіндіктен мұндай деректерге ие емес. Бірақ мұның барлығының ақшалай баламасы бар. Ал осындай негізгі көрсеткішсіз мемлекеттік шаралардың тиімділігін бағалау мүмкін емес. Осылайша, өнеркәсіп саясаты ең алдымен қосылған құнның өсуі, еңбек өнімділігінің нақты артуы, қайта өңдеу тереңдігі, импортқа тәуелділіктің төмендеуі және жеке инвестициялар ағыны бойынша бағалануы қажет, — деді ол.

Бұған дейін Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева отандық өніммен қамтамасыз етуде қандай кемшіліктер бар екенін атады.