«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңдеу өнеркәсібіндегі қазіргі мүмкіндіктер мен даму перспективалары зерделенді. Талдау ішкі нарықта импортты алмастыру мүмкіндігі және экспорттық әлеуетті арттыру перспективаларын ескере отырып жүргізілді. Сондай-ақ, шикізат базасы, кадр тапшылығы және инфрақұрылымның (газ, электр қуаты, логистика) болуы есепке алынды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің желісі бойынша елдегі барлық импортқа талдау жасалды», - деді Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр келтірген статистика бойынша, импорттың жалпы сомасы - 38,4 млрд. АҚШ доллары.
«Біз барлық өңірлік әкімдіктерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі салаларында инвестициялық жобалар пулын қалыптастырдық. Осылайша, 131,2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 20 трлн. теңге болатын 700-ден астам индустриялық жобаның тізбесі анықталды. Жобалар 4 санатқа бөлінген. Атап айтқанда, биыл іске қосылатын жобалар, іске асырылып жатқан, пысықталып жатқан және перспективалық жобалар», - дейді ол.