Өңдеу өнеркәсібіне инвестицияны 1 трлн теңгеден асыру қажет - Жеңіс Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорттайтын өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 30 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының өткен жылғы қорытындысын шығарған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 122 елге экспортталады. Бүгінгі күні экспорттық тауарлардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Шетелге шығарылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Кейбір тауарлар үшін жаңа нарықтар ашылды», - деді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Орталық Азия елдеріне экспортталатын тауар 30 пайызға артты. Бұл елдерге экспорттың көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан негізгі жеткізушілердің бестігіне кіреді және осы елдерге импортталатын тауарлардың 8 пайызын құрайды.

«Отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнім жеткізу көрсеткіші 34 пайызға өсті. Фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар негізгі нарықтардан бөлек алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Сондай-ақ, металлургиялық және химиялық өнімді өткізу нарығы кеңеюде. Өнім қазір АҚШ-қа және Еуропа елдеріне жеткізіледі.  «Азия Автоның» жеңіл автомобильдері алғаш рет Қытай Халық Республикасына, ал «Сарыарқа Автопром» ЖШС автомобильдері Тәжікстанға экспортталды»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың жалпы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігі мен Иранға, өсімдік майы мен балды Қытайға экспорттау басталды.

«Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады. Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі қол жеткізген өсімді одан әрі арттыруға мүмкіндік жасауымыз керек. 2018 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттың құндық көлемінің өсімін 7 пайызға, еңбек өнімділігін 11,9 пайызға, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1 трлн теңгеден астам сомаға өсіру қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.