Өңдеуші сектордағы импорттық шикізат 50 пайыздан асты - Сенат төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңдеу өнеркәсібіндегі мәселелерді атады.

Фото: Мұхтар Холдорбеков/ Kazinform

«Алдымызда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайтып, 450 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін елдің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 6 пайыздан кем емес деңгейде өсуі керек. Осы бағытта қуатты өнеркәсіпті қалыптастыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды барынша жүктеу және жаңаларын ашуды қамтамасыз ету қажет. Жалпы, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу қарқынын көрсете отырып, ұлттық экономиканың флагманына айналуы тиіс. Кейінгі бес жылда ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4 пайыздан 12 пайызға дейін өсіп, тау-кен секторына жақындады. 2018-2023 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі екі еседен астам өсіп, 22 триллион теңгені құрады», - деді М. Әшімбаев Сенатта өтіп жатқан өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, стратегиялық мақсаттарға жету үшін осы саладағы қарқынды күшейту керек. Бұл ретте, жалпы көрсеткіштерді ұлғайтып қана қоймай, осы саланың сапалы дамуын қамтамасыз етуге ұмтылу қажет.

«Қазір өңдеу өнеркәсібінің 40 пайызға жуығы металлургияға тиесілі. Бұл негізінен төмен деңгейде өңделген өнімдер, яғни өнеркәсіптік шикізат деңгейінде. Осындай көріністі шикізаттық емес экспорт құрылымында да көріп отырмыз. Экономикалық күрделілік индексінде Қазақстан әлемдегі 130 елдің ішінде 88-орында. Бұл ретте, Қазақстаннан өңделген тауарлар экспорты 2023 жылы 6 пайызға жуық, ал биылғы бірінші тоқсанда 6,5 пайызға, оның ішінде уран - 24 пайыздан астам, ферроқорытпалар бойынша 15,5 пайызға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 10 жыл ішінде екі есе өсті. Оның 96 пайызы шағын бизнеске, 2,5 пайызы орта бизнеске, 1 пайызға жуығы ірі бизнеске тиесілі. Жанама түрде бұл компаниялардың жасанды түрде бөлшектенуін және бизнестің өсуі мен іріленуі үшін ынталандырудың жеткіліксіздігін көрсетуі мүмкін», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, сала импортқа тәуелді болып отыр. Бұл өз кезегінде технологиялық өнімдерге де, шикізатқа да қатысты. Былтыр өңдеуші сектордағы импорттық шикізат пен бөлшектердің үлесі 50 пайыздан астам болды. Осы жағдай елімізді жаһандық конъюнктура алдында осал етеді.

«Кадр мәселесі де өзекті. Қазіргі кезде өңдеу өнеркәсібінде 613 мыңға жуық адам немесе жалпы жұмыспен қамтылғандардың 6,7 пайызы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, кейінгі 10 жылда салада жұмыс істейтіндер саны небәрі 10 пайызға өскен. Атап айтқанда, біраз бағытта білікті мамандар тапшы», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері ел экономикасы әлі де болса тау-кен және мұнай саласына, шикізат бағасына және төмен деңгейде өңделген тауарлар экспортына тәуелді болып отырғанын айтты.

«Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы ауқымды міндеттерді белгілеп берді. Соны ескеріп, экономиканың өңдеуші секторын дамытуға арналған тың және тиімді шешімдер қажет деп есептейміз. Бұл бағытта сенаторлар өз тарапынан заңнамалық тұрғыдан тиісті қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеуге дайын», - деді ол.