Өңдеуші саладағы инвестициялар төмендеген жоқ - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңдеуші саладағы инвестициялар төмендеген жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Әлемдегі дағдарыс салдарынан 2014 жылы инвестицияның төмендеуін байқадық. Талдау деректеріне сүйенсек, инвестициялар мұнай-газ және тау-кен секторларына төмендеді. Ал өңдеуші саладағы инвестиция көлемі өзінің деңгейін сақтап қалды», - деді Ә. Исекешев.

Осы орайда министр дағдарысқа қарамастан, индустриалдық бағдарлама өңдеуші салаға оң әсер еткенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Әсет Исекешев Астанада биыл қызметін бастаған ХҚКО жанындағы Инвесторларға қызмет көрсету бөлімінің жұмысымен танысты.

ҚР ИДМ мәліметіне қарағанда, Қазақстанда инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істейді, яғни Астанада - 2, Алматыда - 3, ал әр облыс орталығында бір қызмет көрсету секторы болады. Бұл бөлімшелер инвесторларға бюрократиялық және әкімшілік салмақты айтарлықтай төмендетеді деп күтілуде. Инвесторларға қызмет көрсету бөлімдерінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барлық қажетті мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы алуға болады.