Өндіріс мамандарын тарту үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,6 млрд. теңге бөлу қажет - апталық шолу
Онда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов техникалық және кәсіптік білім беру саласына мамандарды тарту мәселесіне кеңінен тоқталды. Министрдің айтуынша, бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс орнатылған. Енді олар Ұлттық және аймақтық кеңестерге, кәсіптік-техникалық ұйымдарды басқаруға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қатысады. Жұмыс берушілер бірлестігінің базасында біліктілікті растау орталығы құрылды. Дуалды оқыту жүйесін дамыту басталды. Қазір оған 100-ден астам кәсіпорын қатысуда.
Осы атқарылған жұмыстар мамандарға деген сұраныстың артуына және олардың жұмысқа орналасуына айтарлықтай әсер етуде екенін айта келе, министр 1620 өндіріс мамандарын тарту үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,6 млрд. теңге бөлу туралы ұсыныс дайындағандықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Жоғары оқу орындарының саны 149-дан 136-ға дейін қысқартылғаны атап өтілді. Тәжірибе көрсеткендей, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі білім беру сапасы жағынан сын көтермейді. Сондықтан, таяудағы үш жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда.
«Елбасы оқу орындарын аймақ қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан мемлекеттік жоғары оқу орындары да оңтайланатын болады. Нәтижесінде таяудағы 2 жылда еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы саны 100-ге жуық болмақ», - деді ведомство басшысы.
Министрдің пайымдауынша, бұл - дамыған елдерде қабылданған көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көптеген аймақтарда бір мемлекеттік және бір ірі жеке меншік жоғары оқу орны болады. Б. Жұмағұловтың айтуынша, әлемдік тәжірибе бойынша 1 млн. халыққа орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келеді екен.
«Егер де 17 млн. адамды 6-ға көбейтетін болсақ, онда Қазақстанда шамамен 100 ЖОО болуы тиіс», - деп түсіндірді Б. Жұмағұлов.
Үкімет отырысында, сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов педагогикалық еңбектің тиімділігін мониторингілеу жүйесін енгізуді ұсынды. Айта кетерлігі, жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы ұстаз біліктілігі бойынша индикатор артығымен орындалғанын, 2013 жылғы жоспардан асып түскендігін айтқан еді.
«Енді Назарбаев Зияткерлік мектептері Кембридж университетімен бірлесіп әзірлеген жаңа үш айлық жүйе бойынша біліктілікті арттыру басты маңызға ие», - деді министр.
Оның атап өтуінше, екі жылдың ішінде жаңа жүйемен шамамен 8 мыңға жуық педагог біліктілігін арттырып, бүгінде жалақысына айтарлықтай үстеме алып отыр.
Бұдан бөлек, министр мырза орта білім саласында 12 жылдық оқытуға көшуге дайындық жұмыстары аяқталып қалғанын айта келе, енді 2015 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға толық көшуді бастайтынымызды сөз етті. Сонымен бірге, 11 жылдық оқытудың жаңа стандарты да қабылданды. Өйткені, 12 жылдық білім беруге толық көшкенге дейін, яғни 2019 жылға дейін оқушылардың басым көпшілігі осы стандартпен оқитын болады.
Мұнымен қоса, мамандар қажеттілігі тұрғысында министрлік жыл сайын еңбек нарығы қажеттілігіне және индустриялық-инновациялық дамуға сәйкес мемлекеттік тапсырысты түзетіп отырады. Әрине, қажеттілікке оқу сапасы да айтарлықтай әсер ететіні де белгілі. Бұл мәселеде 2 жаңа механизм іске қосылған көрінеді. Бұл тұрғыда әлемнің үздік университеттеріндегі академиялық мобильдік пен үздік 1000 шетелдік профессорды шақыру ескерілген. Б. Жұмағұловтың пайымдауынша, мұның нәтижесі - түлектердің жұмысқа орналасуы көрсеткішінің өсуі болмақ. Егер де бұл көрсеткіш 2010 жылы - 60 пайыз, 2012 - 65 пайыз деңгейінде болса, ал 2015 жылы 78 пайызға қол жеткізу көзделіп отыр.
Министрді тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр Серік Ахметов ЖОО-ларды түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша бағалауды ұсынды. «Жоғары білім беруге қатысты айтар болсақ, ЖОО-ларды бағалау үшін басты өлшем түлектердің жұмысқа орналасуы болуы тиіс, деп санаймын. Бұл - маңызды аспект. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Әсіресе жеке ЖОО-лар түлектерінің жұмысқа орналасуы да. Соған сәйкес жұмыс берушінің, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс формасында кадрларды дайындау барысында бағалау фактісі қажет», - деп түйді Үкімет басшысы.
Үкіметте бірқатар заң жобалары мақұлданды
Сонымен қатар, осы отырыста Министрлер кабинеті «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша» ҚР заңының жобасын мақұлдады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керектігін айта келе, мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдағанын жария еткен еді.
Заң жобасының мақсаты - жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету үшін құқықтық шарттарды жасау болып табылады. Құжатты ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырды.
Заң жобасын қабылдау жиналыстар мен жиындар арқылы халықтың еркін білдіру бөлігінде азаматтардың қонституциялық құқығын іске асыруға, аудандық (қалалық) мәслихаттар тарапынан аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтардың құрамына кірмейтін ауылдардың әкімдерін сайлауға, халықтың басқарушылық шешімдерді қабылдауға қатысуы арқылы сапалы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді алуға, санитарлық жағдайды, қоғамдық тәртіпті жақсартуға деген қызығушылығын арттыруға, жергілікті мәселелерді шешуге қала халқының араласу белсенділігін арттыруға, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалануға мониторинг жүргізуге жергілікті халықтың қатысуына, коммуналдық меншік, қаражаттарды беру арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігін кезең-кезеңмен және біртіндеп нығайтуға мүмкіндік береді.
Заңның жобасы Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылғы 14 наурызда енгізілді және ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Парламентіне қарау үшін енгізілетін болады.
Айта кетерлігі, ауыл әкімдерін сайлау өткізетін мерзім әзірге нақтыланған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша ол тамыз айында өтеді. Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сәйкес осы науқан барысында шамамен 2500 ауыл әкімі сайланады. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 90 пайызын құрайды.
Үкімет отырысында тағы бір заң жобасы, атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы мақұлданды. Таратылған мәліметтерге қарағанда, бұл құжаттарда мемлекеттік қызметтерді жұртшылыққа барынша жақындату, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы қызметтердің қайталануын жою мәселелері қарастырылған.
Қазақстанда енгізіліп отырған мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі қоғамның өскелең талабына жауап бермек
Сарапшылардың пайымынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 мемлекеттік қызмет үлгісіне жақындады. Халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алған Қазақстандағы мемлекеттік қызмет моделі өз деңгейінде қалыптасты.
«Осыны ескере келе, бір жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаев Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы озық үлгіні тарататын БҰҰ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Өңірлік хаб құру туралы бастамасын қолдаған еді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов. Оның айтуынша, жалпы бүгінгі күннің өзінде мемлекеттік қызмет саласының қазақстандық үлгісі аймақтағы зор қызығушылыққа ие.
Дегенмен, мемлекеттік қызмет саласы ұдайы жақсартып, жаңа сынақтарға қатысты сапасын арттырып отыруды талап ететін сала. Сондықтан да, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында мемлекеттік қызметті кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсарту керектігін айтқан еді. Өзінің Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев: «Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді», - деген болатын. Ел Президенті қол қойған сол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелерi бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өз күшіне еніп отыр.
Осыған орай, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңа заңның жаңа ережелерін тағы бір мәрте түсіндіріп өткен болатын. Еске сала кетсек, аталған заң мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізуді, басқарушылық корпусты құру секілді мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен бірге құжатта мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету және жаңа қызметкерлердің бейімделуі үшін тәлімгерлік институтын енгізу нормалары да қамтылған. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі міндеттерін көздеу белгіленеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «командалық ауысуға» барынша тосқауыл қою тетіктері қамтылып отыр.
Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, аталмыш тізіліммен «А» басқарушы корпусының құрамы да бекітілген. Оның ең жоғары деңгейіне Жауапты хатшылар, аппарат жетекшілері, Үкімет кеңсесінің, Мәжіліс пен Сенат аппаратының бөлім меңгерушілері, Президент Әкімшілігінің сектор меңгерушілері енеді. Бұдан бөлек, «А» басқарушылар лауазымына аймақтардан барлық аудан, қала әкімдері, өңірлердегі тексеру комиссияларының мүшелері кіреді. «А» басқарушылық корпусына арнайы біліктілік талаптары да бекітілген. Бұл біліміне, еңбек өтіліне, лауазымына байланысты қосымша талаптар болып табылады. Сөйтіп, бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады. Белгіленген көрсеткіштерді асыра орындағандар мен өзінің тиімділігін көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана ерекшелік жасалатыны қарастырылады. Бұл Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі болып табылады.
«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасы іске асты
Осы аптада «Байқоңыр» кешеніне барған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ. Келімбетов пен Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов «Байқоңыр» кешені бойынша ресей-қазақстан үкіметаралық комиссиясының екі күндік жұмысына қатысты.
Ресей-қазақстан үкіметаралық комиссиясының жетекшілері кіріспе сөздерінде жаңадан құрылған үкіметаралық комиссияның Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын одан әрі бірлесіп пайдаланудағы қызметінің маңызын атап өтті.
Онда Байқоңыр ғарыш айлағы мәселелері бойынша тең төрағалардың орынбасарлары Ресейғарыш басшысы Владимир Поповкин мен ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев баяндама жасады.
Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев пен Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Рзақұл Нұртаев өз сөздерінде қаланың әлеуметтік проблемаларына баса көңіл бөлді.
Сарапшылардың жұмыс нәтижелері және қорытынды хаттаманы әзірлеудің барысы туралы Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына ресейлік және қазақстандық тараптан комиссия хатшылары Александр Болысов пен Ләйла Тілепбергенова баяндады.
Жалпы отырысты қорытындылай келіп, «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары И. Шувалов пен Қ. Келімбетов «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысының хаттамасын бекітті.
Үкіметаралық комиссия басшылары атап өткендей, оның күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралды. Тараптар «Байқоңыр» кешенін жалдау шартында Ресей мен Қазақстанның мүддесін ескере отырып, «Байқоңыр» кешені бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігін қуаттады. Комиссия екі ел президенттерінің «Байқоңыр» кешенін бірлесе пайдаланудың Жол картасын жасау жөніндегі тапсырмаларына баса назар аударды. И.Шувалов пен Қ.Келімбетов тараптар «Зенит» зымырантасығышын пайдалана отырып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын жүзеге асыруға уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті.
Шара соңында, яғни 29 наурыз күні Үкіметаралық комиссияның барлық қатысушылары Астана уақыты бойынша 02 сағат 43 минутта ұшырылған «Байқоңыр» ғарыш айлағының Гагарин алаңынан «Союз ТМА-08М» көлік кемесінің ұшырылу сәтін бақылады.