Өндіріске инновацияны енгізу өте қиын жұмыс - Виктор Яковчук

АЛМАТЫ. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2014 жылы инновациялық өнімдер шығарудың үлесі жалпы ішкі өнімде 14 пайызды құрамақ. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Жаһандық жаңару жағдайында ТМД елдеріндегі инновациялық экономиканың дамуы» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды.

«Инновацияны енгізуде экономикада нақты нәтижеге қол жеткізу үшін біз ғылыми базадан өндіріс пен сатуға дейінгі барлық кезеңнен өтуіміз керек. Көп жағдайда кәсіпкерлер нақты бір ғана өнімдерді шығаратын жабдықты сатып алады. Егер нарық өнімнің пішіні мен үлгісінде өзгерістерді қажет етсе оған бейімделуде өндірісті кеңейту мен жаңарту кезінде мүмкіндіктің шектеулілігінен әртүрлі қолайсыздықтарға кезігіп жатады. Сондықтан олардың сатып алған технологиясы мен құрал-жабдығын инновация деуге болмайды", - дейді Ресейдің Инновациялық даму институтының Бас директоры Виктор Яковчук. Оның айтуынша, егер бұл технология мен құрал-жабдық отандық ғалымдардың инновациясы болса олар өндірістің орнықты түрде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Өйткені шетелдік кәсіпорындар ешқашан өз бәсекелестеріне өздерінің ең жаңа озық технологиясы мен құрал-жабдығын сатпайды. Сатқан жағдайда олар жергілікті шикізатты өңдеуге арналғандықтан құрал-жабдықтың қосалқы жабдықтарын сатып алуда да оларға тәуелді боп қалады. Мұндай жағдайда экономикалық тиімділік жоғары болмайды.