Өндірістегі жазатайым оқиғалар саны азаймай отыр – Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны азаймай отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны азаймай отыр. Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына мұқият талдау жүргізу керек. Және де қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын өзектендіру қажет», - деді Үкімет басшысы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесі әзірленіп жатыр.

«Ол негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуге теңгерімді тәсілді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.