Өндiрiстерде жұмысшылардың өлiм-жiтiм саны артуда - Еңбек министрлiгi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өндiрiстерде жұмысшылардың өлiм-жiтiм саны артуда. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Ақмади Әдiлов мәлiм еттi.

«Анықталған заң бұзушылықтардың 40 пайызы еңбек қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Өндiрiстерде болатын еңбек жарақаты мен оқыс оқиғалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға кемiгенiне қарамастан, адам шығыны орын алатын оқиғалар бiршама өскен. Шамамен 20 пайызға дейiн жоғарылап отыр», - дейдi ол.

Ақмади Әдiловтiң айтуынша, олар негiзiнен өндiрiстiк аймақтарда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орын алуда.

«Осы мәселеге қатысты тиiстi жұмыстар жасалуда. Мәселен, бiр өндiрiсте шамамен 600-ге тарта жұмысшы еңбек қауiпсiздiгi жасалмайынша, жұмыс орындарына шығарылмайтын болады. Сонымен қатар 48 өндiрiстiк нысанның жұмысы тоқтатылған. 800 iс тиiстi органдарға бағытталып, 50-ден астам қылмыстық iс қозғалды», - деп атап өттi департамент басшысы.