Өндірістердің жоспарланған қуатына көшуі үшін облыс әкімдері мен Үкімет бірлесе тиісті жұмыстарды атқаруы керек - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қиын-қыстау жағдайда жүзеге асырып жатқан біздің барлық шараларымыз елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландыру аясындағы жалпыұлтық телекөпірде мәлім етті.

«Үлкен өндірістерді салып жатырмыз. Оның барлығы Қазақстанның болашағына жұмыс істейтін болады. Қазіргі салынып жатқан өндірістер ертеңгі күні экономикамызға ауқымды тауарларды құятын болады, Қазақстанның экспортын ұлғайтуға үлес қосады. Осы орайда халқымызға жаңа жұмыс орындары ашылады. Қиын-қыстау жағдайда жүзеге асырып жатқан біздің барлық шараларымыз елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатыр»,-деді Елбасы.

Осы орайда Президент еліміздегі бағдарламалар орындалып жатқандығын атап өтті.

«Өткен 5 жылда 4,5 трлн. теңгенің өнімі өндірілді. Жаңадан салынған өндірістер экономикамызға пайдасын тигізіп жатыр», -деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы пайдалануға берілген және іске қосылатын өндірістердің барлығы жоспарланған қуатына көшуі үшін барлық облыстардың әкімдері мен Үкімет бірлесе тиісті жұмыстарды атқаруы керектігін тапсырды.

Бұл тұрғыда Н. Назарбаев бүгінде мұнай мен металдар бағасының төмендеуі салдарынан болып жатқан кері әсерді іске қосылған өндірістердің өнімділігінің арқасында экономиканы дамыту арқылы еңсеру керектігін тапсырды.