Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы «Алматы тауерс» бизнес орталығында 4 бірдей өндіріс альпинисі мерт болған. Азаматтардың қайғылы қазаға ұшырауына осы саладағы еңбек қауіпсіздігін реттейтін нормативті актілердің болмауы да себеп болып отыр. «Осыған қарай, Үкімет басшысының айтуынша, жақын арада Төтенше жағдайлар министрлігі жоғары биіктікте жүргізілетін өндірістік жұмыстардың қауіпсіздігіне байланысты қойылатын талаптардың тізімін бекітпек. Ал Құрылыс және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы агенттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, 2010 жылы биік ғимараттар тұрғызу мен оларды пайдалану барысындағы техникалық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық стандарттармен сәйкестендірілген нормалар мен ережелерді дайындайтын болады», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, өндірістік альпинизм жұмыстар мен мамандықтардың бірыңғай тарифтік біліктілік кітапшасына енгізілетін болады.