Құрылтай депутаттары Жарқынбек Амантай мен Илья Теренченко, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев, Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басымдықтарын талқылау үшін Павлодар өңірінің тұрғындарымен кездесті.
Торайғыров Университетінің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның еңбек ұжымымен мазмұнды әңгіме өрбіді.
Қатысушылар адами капиталды дамыту, білім беру, білікті кадрлар даярлау, еңбек өнімділігін арттыру, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетика саласын дамыту, халықты әлеуметтік қорғау және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.
— Әрбір азаматтың Президент Жолдауын іске асыруда өзі үшін туындаған мүмкіндіктерді көре білуі маңызды. Құрылыс саласын дамыту жаңа нысандар салуды ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындардың, жұмыс орындарының, бизнес үшін мүмкіндіктердің пайда болуын білдіреді. Техникалық білім алатын жастардың алдында ерекше перспективалар ашылады, — деді Илья Теренченко.
Студенттерге алдағы жылдары білікті мамандарға деген сұраныс арта түсетіні, ал кәсіби дағдылар мен құзыреттер табысты жұмысқа орналасудың маңызды шарты болатынын айтылды. Кездесулерде еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі жоғары оқу орындарының рөлі атап өтілді.
Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, бизнес пен азаматтық қоғамның бірлесіп жұмыс атқаруын талап ететіні сөз болды.
Университет студенттері мен оқытушылары қонақтарға өзекті сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру перспективалары, техникалық мамандықтарға сұраныс, құрылыс пен энергетика салаларын дамыту, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік саясатындағы алда болатын өзгерістер жайында әңгіме өрбіді.
Торайғыров Университетінің төртінші курс студенті Саят Ергешбаев Жолдауда жастар үшін басты мәселелер, соның ішінде білім беру сапасын, кәсіби дамуды және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту қамтылғанын атап өтті.
«Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымының өкілі, әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджер Нұрсұлтан Есембаев та өз пікірін ортаға салды. Ол өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелерінің маңыздылығына назар аударды.
— Президент «Қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды» деген болатын. Мен үшін бұл, бірінші кезекте — инфрақұрылымның дамуы. Ал Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылының жариялануы — инфрақұрылымның дамып, баршамыздың яғни, Қазақстан азаматтарының жалпы әл-ауқаты да көтерілуі тиіс екенін білдіреді, — деді ол.
Алдағы уақытта өндірістердің жаңғыратынына «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жөндеу және сынақтан өткізу инженері Әйгерім Темірбаева да назар аударды.
— Мен осы зауытта төрт жылдан бері жұмыс істеймін. Айналамыздағы оң өзгерістерге үлес қосып, жұмысшылардың күнделікті қалай жұмыс істейтінін көріп жүрмін. Мемлекет басшысының Жолдауындағы отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу жөніндегі бастамаларды ерекше қолдаймын. Менің ойымша, бұл елдің болашағы үшін аса маңызды бағыттар, — деді Әйгерім Темірбаева.
Екібастұз бен Ақсуда да осындай кездесулер өтіп, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен Жолдаудың негізгі ережелерін жан-жақты талқылады.
Бұған дейін Бейжіңде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланғанын жаздық.