Өндірісті жаңғыртқан кәсіпорындарға мемлекеттен 145,5 млн теңге өтемақы берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет жарты жылда бизнестің 145,5 млн теңге көлеміндегі шығындарын өтеді. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясы хабарлады.

Фото: Kazinform

Мемлекет еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнімдерді ішкі нарықта ілгерілету мақсатында қазақстандық бизнесті қолдауды жалғастырып жатыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта қазақстандық кәсіпорындардың шамамен 145,5 млн теңге көлемінде шығыны өтелді. 

— Қаражаттың басым бөлігі, яғни шамамен 144 млн теңгесі еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеуге бағытталды. Бұл — технологиялық үдерістерді жетілдіруге, технологиялық жабдықтарды сатып алуға, қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға және цифрлық технологияларды енгізуге жұмсалған шығындар, — делінген дирекция таратқан ақпаратта.

Аталған бағыт аясында машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы кәсіпорындар, сондай-ақ құрылыс материалдарын, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндірушілер қолдау көрді.

Сондай-ақ бизнестің халықаралық сертификаттауға, өнімдерді зертханалық сынақтан өткізуге, міндетті таңбалауға арналған жабдықты (оның ішінде аяқ киім өнеркәсібіне арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді) сатып алуға жұмсаған шығындары да өтеледі.

Еске сала кетейік, QazIndustry бизнес субъектілері шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. Өткен жылы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру тетіктерін кеңейтті. Мысалы, енді отандық кәсіпорындар басымдықты тауарларды ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдағаны үшін жұмсаған шығындарының жартысына өтемақы алады. Бұдан бөлек, халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері 5 есеге артты.

Осыған дейін Аида Балаева Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқаратынын айтты.