Өндірісті жаңғыртуға арналған «Өрлеу-лизинг» бағдарламасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа құрал шағын және орта бизнестің жеңіл лизинг алуына мүмкіндік жасап, өндіріс қуатын арттыруға серпін береді, деп хабарлайды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

ҚР Үкіметінің тапсырмасын орындау мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жаңғырту, техника мен жабдықтарын қайта жаңартуға арналған «Өрлеу-лизинг» атты жаңа бағдарлама іске қосылды.

— Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 10 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қосымша кепілсіз заманауи жабдықтар сатып ала алады. Осылайша, кәсіпорындар бәсекеге қабілетті бола түсіп, тозған материалдық-техникалық база мәселесін шешеді, — делінген хабарламада.

Бағдарлама шарттары:

  • Максимал сома: бір қарыз алушыға 300 млн теңгеге дейін;
  • Мерзімі: 3-тен 5 жылға дейін;
  • Мөлшерлемесі: жылына өзгеріссіз 12,6%;
  • Мақсаты: жаңа жабдық алуға;
  • Аванс төлем: лизинг мүлкі құнының 10%-ы;

Лизинг алу үшін кәсіпорын жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болуы, өндіріс қуаты бар және нарықта кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, кәсіпорынның өткен жылғы айналымы сатып алмақ болған жабдық құнынан кем дегенде бір жарым есе асуы керек деген де шарт бар.

Жабдықты отандық зауыттан немесе өнім шығарушы зауыттың ресми дистрибьюторынан/дилерінен кем дегенде бір жыл мерзімге, кепілдік және сервистік қызметімен бірге сатып алуға болады.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Даму» Қоры мен «KazLeasing» — Қазақстанның лизингтік компаниялар қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды.

Оның аясында бағдарламаның шарттары мен талаптарына сәйкес лизингтік компанияларға қаржы бөлінеді. Серіктестер тізімі жаңартылып, Қордың damu.kz ресми сайтына салынып тұрады.

Әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу мақсатында бағдарламаның кәсіпкерлерге де артатын міндеттемелері бар. Бұл — мемлекеттен қолдау алу кезіндегі стандарт әрі негізделген тәжірибе. Қаржы мемлекеттік ресурстан жеңілдікпен берілетіндіктен, кәсіпкерлерден экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын жасауға үлес қосуы күтіледі.

Бұдан бұрын 2026 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанда арнайы салық режимдерінің жаңа тәртібі күшіне енетінін жазған едік. Енді кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үш режимнің бірін таңдауы керек.