Өндірісте қолданылмайтын керексіз жобаларды қаржыландыруды тоқтату қажет — ғалым

Фото: Фото Виталий Савинкиннің жеке архивінен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — 12 сәуір — ғылым қызметкерлерінің күні. Солтүстікқазақстандық Виталий Савинкин 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы, өнертабыстарына оннан астам патент алған ғалым. Қозыбаев университетінде еңбек ететін оқытушының жетекшілігімен 20-ға жуық магистр мен PhD доктор даярланды.

— Виталий Владимирович, сіз көлік және машина жасау саласында еңбек етіп жүрсіз. Неліктен бұл бағытты таңдадыңыз?

— Таңдауыма көбінесе күрделі көтеру, энергетикалық жабдықтар қолданылатын арнайы мақсаттағы техникаға, автомобильдерге және ерекше машиналарға деген қызығушылығым әсер етті. Олардың қуаты, дизайнның күрделілігі әрқашанда таң қалдырады және оларды жобалап, жинаған, жөндеп және техникалық қызмет көрсете білетін адамды инженер ретінде құрметтеймін. Әрі бұл салаға сұраныс қашан да болады.

— Болашағыңызды ғылымға арнайтыныңызды сіз студент кезіңізде-ақ білдіңіз бе? Зерттеуге деген ұмтылыс қашан пайда болды? 

— Жоқ, ғылыммен және ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысамын деген ой болған жоқ. Мен де көпшілік сияқты алған білімімді өндірісте жүзеге асырғым келді, көлік саласындағы инженерлік міндеттерді шешіп, механизмдерді жетілдіргім келді. Дипломдық жобаны жазу кезеңінде аға оқытушы Андрей Львович Дерманның жетекшілігімен біз қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын арнайы мақсаттағы КАМАЗ автокөлігінің гидравликалық жүйесін жуу бойынша жаңа стенд әзірледік. Кейін зияткерлік меншікке патент ресімдедік. Мүмкін, бұл нәтиже менің болашағымды айқындап берген шығар. Алайда, университетті бітірген кезде елде көптеген кәсіпорындар жабылды, автомобильдерге қызмет көрсету, жөндеу минимумға дейін қысқарды, өндірісте технология дамуын тоқтатты. Бірақ көлік қызметтеріне сұраныс артты. 

Жоғары оқу орнын бітірген кезде дипломды қорғау нәтижесі бойынша маған «Автомобиль көлігі» кафедрасында қалып, инженерлік кадрларды даярлауды жүргізу ұсынды. Оқытушының ассистенті ретінде мен зертханалық жұмыстар жүргіздім және кейбір бөлшектерді, түйіндерді жаңартып, оларға сызбалар жасауға тырыстым. Мен өз идеяларымды «Технопарк» өткізетін конференцияларда айтып, конкурстарға жібердім. Бөлшектерді жоғары концентрацияланған плазмалық энергия көздерімен қалпына келтіру технологиясын әзірлеу бойынша менің алғашқы пилоттық жобам 3 орынға ие болды және 300 мың теңге сыйақы алдым. 2006 жылы және жас маман үшін бұл өте үлкен ақша болды. Әрине, бұл маған қанат бітірді, қаржылық қолдаудан басқа, қазылар алқасында отырған инженерлер мен өндіріс өкілдері менің техникалық шешімдерімді мақұлдап, оларды өміршең деп таныды. Менің ойымша, бұл — ғылыммен айналысуға серпін берді.

Фото Виталий Савинкиннің жеке архивінен

— Ғылыми және оқытушылық саладағы қызметіңізде қандай қиындықтарды жеңуге тура келді?

— Олар іс жүзінде көп болды. Қаражаты және таныс инженерлері жоқ, бірақ ғылым мен кәсіби қызметте үлкен нәтижеге қол жеткізгісі келетін адамның әр қадамы — осы кедергіні жеңу. Мысалы, теориялық нәтижелер мен есептеулерді растау үшін маған өндірісте эксперименттер жүргізу қажет болды. Мұны бәрі жабылған кезде қалай жүзеге асыруға болады? Эксперименттің ерекшеліктерін және қажетті жабдықты білетін маманды қайдан табуға болады? Сонымен бірге тәжірибе жүргізу үшін қаржы мен қажетті материалдарды іздеу міндеті тұрды. Олардың бір бөлігін маған машина жасау саласының көптеген технологияларының бастауында тұрған, білікті инженерлердің арқасында «Ремплазма» ЖШС берді. Өз нәтижелерімді ғылыми журналдарда жариялай бастадым. Осылайша мені Омбы қаласындағы Сібір автомобиль-жол академиясында байқап, диссертация қорғауды ұсынды. Бірақ ол үшін мен базалық білім беруді және оның Ресей деңгейіне сәйкестігін растап, басқа елдің нормативтік құжаттары бойынша бірқатар ғылыми талаптарды орындауға тура келді. Бұл оңай болған жоқ, бірақ оның бәрінен өттім. 

— Сіз ізденуге, ғылыммен айналысуға мотивацияны қайдан аласыз?

— Болашағы бар технологиялар туралы оқып-білу, әлемге танылған ғалымдардың еңбектері — негізгі мотивация. Инновацияларға, машина жасау өндірісінің тиімділігін арттыруға қатысып, үлесіңді қосу ерекше ынталандырады. Магистранттар мен докторанттарды оқыту үшін заманауи зерттеу жабдықтарын сатып алу және оны оқу процесінде қолдану мүмкіндігі де мотивация береді.

— Мансабыңыздағы ең маңызды сәттер туралы айтып беріңізші…

— Әрине, менің кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауым, қауымдастырылған профессор ғылыми атағын алуым, көлік және машина жасау мамандықтары бойынша докторантура мен диссертациялық кеңестер ашу өмірімдегі маңызды қадамдар. Профессорлық-оқытушылар құрамы қатарынан команда құрып, «Машина жасаудағы робототехника және инновациялық технологиялар», «Инжиниринг және инновациялық-өлшеу технологиялары», «Вагондарды жөндеу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету» жаңа мамандықтарын ашуға ұйытқы болдым.

Фото Виталий Савинкиннің жеке архивінен

Маңызды оқиға — Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі атану. 2016 жылы ҚР БҒМ бұйрығымен «Метрология» ғылыми-техникалық журналының редакциялық алқасының құрамына бекітілдім. 2017 жылдан бастап European Journal of Materials Science and Engineering (EJMSE) published by The Gheorghe Asachi Technical University of Iasi (Румыния) редакциялық алқасының мүшесімін. 

— Сіз қазір жұмыс істеп жатқан тақырып туралы айтсақ, бұл саладан хабары жоқ адамға «теміржол құрамының доңғалақ жұптарын лазерлік қалпына келтірудің ресурс үнемдейтін технологиясы бар жаңа жоғары өнімді мобильді теміржол кешенінің» не екенін түсіну қиын. Қарапайым тілмен оның не екенін және қайда қолданылатынын түсіндірсеңіз? 

— Қолдану саласы — теміржол көлігі. Теміржол құрамының, вагонның дөңгелек жұбы айдалада істен шықты делік. Жолдағы жөндеу пункттері мен депоға алыс. Біздің әзірлеме оқиға орнына келеді және далада жөндеу зауыты деңгейінде, яғни жоғары сапада доңғалақ жұбын лазерлік технологиямен жөндейді.

— Алдағы он жылда көлік технологиясы мен машина жасаудың болашағын қалай көресіз?

— Олар — алыс қашықтыққа жүретін, пилотсыз басқарылатын көлік құралдары, қойма шаруашылығының логистикасының роботтандырылуы. Машина жасау саласында технологиялық процестерді роботтандыру мен автоматтандыруды дамыту, механизмдердің де, жалпы өндірістің де цифрлық жұптарын дамыту. 3D басып шығару және лазерлік сканерлеудің аддитивті технологияларын дамыту.

Қазірдің өзінде бұл салада таң қалдыратын инновациялар жетерлік. Мәселен, 3D прототиптеу, лазерлік дәнекерлеу технологиясы. Бұл технологиялардың дамуы болашақ жаңа мамандықтарды қалыптастырады: тұрмыстық роботтардың инженер-конструкторы, 3D басып шығарудың материалтанушысы, цифрлық инженер-конструктор, виртуалды 3D прототиптеу жөніндегі инженер, бұйымдардың цифрлық сынаушысы және т. б. Олар 2030 жылға қарай сұранысқа ие болады. Ал біз «Көлік және машина жасау» кафедрасында бұл мамандарды бүгіннен бастап дайындай бастадық, оның қазір Қазақстанда бәсекелестері жоқ.

— Барлық дарынды мамандар шетелге кетті дегенді жиі естиміз. Бұл қаншалықты шындық? 

— Өкінішке қарай, мұндай факт бар. Біліктілігі жоғары мамандар Қазақстаннан кетіп, өз әлеуетін басқа елдерде іске асырады, ал келгендер министрлік төлейтін грант бойынша қысқа мерзімге ғана қалады және қайтадан кетеді. Елдің технологиялық және зияткерлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін біз ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізетін және түлектерімізді жұмысқа орналастыратын өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп, олардың базасында жоғары білікті кадрларды дайындаймыз. Петропавлда әріптестік орнатқан он шақты кәсіпорын бар. Бүгінгі таңда студенттерге әдемі слайдтар мен бейнефильмдер көрсетпей, қазіргі заманғы жабдықтарды, нақты инновацияларды тікелей көрсету қажет. 

Фото Виталий Савинкиннің жеке архивінен

— Жастардың инновациялық жобаларын дамыту үшін бүгін не қажет деп ойлайсыз?

— Барлық жобаларды — өндірісте қолданылмайтын, көрінеу іске асырылмайтын керексіз жобаларды қаржыландыруды тоқтату қажет. Мамандар мен жоғары технологиялық жабдықтардың жоқтығын мойындау. Тағылымдамадан өтіп жатқан жас ғалымдардан ағылшын тілін білуді емес, өз саласындағы нақты нәтижелерді талап ету. Ғылыми дәрежелер беру бойынша сараптамалық комиссияны құруға жауапкершілікпен қарау. Көбінің зерттеу тәжірибесі жоқ, гранттарға қатыспаған, осы саланың мамандары емес, мақаланы басып шығарумен ғана айналысады. Диссертацияны қорғауда ғылыми мақалалардың жариялануын ресімдеуден бас тарту, ал диссертациялардың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығына мән беру.

— Сіздің ойыңызша, ғалым үшін не маңызды? Көлік жасау саласында мансабын енді бастаған жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Мен беймәлімділіктен қорықпауға, ғылым мен техниканың жаңа жетістіктеріне қызығушылық танытуға, ғылыми жобалар конкурстарына қатысуға кеңес беремін. Инновация туралы үстірт емес, терең білім алу, жеке уақытты, қызығушылықтарды, үлкен нәтижелер үшін жайлылықтан бас тартуға үйрену. Ғылыми зерттеулердің алғашқы кезеңінде тез ақша табуды мақсат етпей, зерттеушінің дағдыларын жетілдіру. Жалған ғылымды, жалған ғалымды өз ісінің нағыз кәсіпқойынан ажыратуды үйренуге кеңес беремін.

Бұған дейін отандық ғалымдар микроэлектроника үшін болашақтың материалын әзірлегенін жазған едік.