Өндірістегі жарақаттануды жасыру дерегі қай өңірлерде жиі анықталады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өндірістік жақараттану деректерін анықтау мәселесіне қатысты түсінік берді.

Фото: Еңбек министрлігі

- Өндірістік жарақаттануды жасыру - еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі. Ол жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, жұмыскердің әлеуметтік қорғалмауына, кепілді әлеуметтік төлемдердің болмауына әкеледі. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасыруы туралы 39 факті тіркелген, - А. Ертаев.

Оның сөзіне қарағанда, экономика салалары бойынша жасырылған жарақаттану фактілерінің дені – қызмет көрсету саласында – 18 жағдай, өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыс саласында 5 жағдайдан тіркелген.

- Өңірлер арасында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында – 10 жағдай тіркелді, Астана қаласында – 7 жағдай, Ақмола облысында 6 жағдай орын алған, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда жұмысшыларды сүтпен және емдік-профилактикалық тағаммен қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізіледі.