Осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі. Бұл жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерінің сақтандыру арқылы қорғалуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде міндетті сақтандырумен 4 миллионға жуық жұмыскер қамтылған. Міндетті сақтандыру шарттарын 119 мыңнан астам заңды тұлға жасасқан. Бұл елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 70%-ы.
Ай сайын 5 мыңнан астам жұмыс беруші міндетті сақтандыру шартын рәсімдейді. 2026 жылдың соңына дейін осындай шарттар жасасқан жұмыс берушілердің санын 130 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – еңбек адамының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік кепілдіктердің бірі. Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау барысында өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда, заңнамаға сәйкес жоғалтқан табысын өтеу, емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға жұмсалған шығындарды өтеу, сондай-ақ заңда көзделген өзге де төлемдер қарастырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыскерлердің сақтандыру арқылы қорғалуын қамтамасыз ету қауіпсіз әрі орнықты еңбек қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Міндетті сақтандырумен қамтуды кеңейтумен қатар өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар да жүргізіліп жатыр.
Осы мақсатта еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнама жетілдіріліп, өндірістік тәуекелдерді цифрлық мониторингтеу құралдары енгізіліп жатыр. Сонымен қатар кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары күшейтіліп, жұмыс берушілермен және еңбек қауіпсіздігі саласының мамандарымен өзара ынтымақтастық кеңейтіліп жатыр.
– Министрлік жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтумен қатар, өндірістегі тәуекелдердің алдын алуға басымдық береді. Осы мақсатта қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру, сақтандыру жүйесінің қамту аясын кеңейту және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған, – деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.
Министрлік жұмыскерлерді міндетті сақтандырумен қамту аясын кеңейту, еңбек қауіпсіздігі жүйесін одан әрі жетілдіру және өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы кешенді жұмысты жалғастырады. Бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жұмыс беруші Еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне қандай мәлімет енгізуге міндетті екенін жазған едік.