Өндірістік қалдықтан құрылыс материалы: қазақстандық студент тротуар тақтасын жасаудың технологиясын әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылордалық студент жылу электр орталығынан шығатын күлді құрылыс материалы ретінде пайдаланудың жолын ұсынды. Балауса Мұсабек жергілікті құм мен қиыршықтасты өндірістік қалдықпен араластырып, тротуар тақтасын жасау технологиясын әзірлеген. Алғашқы сынақта дайын өнімнің беріктігі 23 пайызға артқан. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin.LIVE» бағдарламасында айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің төртінші курс студенті Балауса Мұсабек бұл жобаны қолға алуға қаланың экологиялық мәселелері түрткі болғанын айтады. Оның сөзінше, жылу электр орталығынан шығатын күл 1991–1993 жылдардан бері жиналып, қазір едәуір аумақты алып жатыр. Өндірістік қалдықтар желмен көтеріліп, ауаны ластайды.

Жас зерттеуші осы мәселені шешудің бір жолы ретінде күлді құрылыс материалдарын өндіруге пайдалануды қарастырған. Жоба жетекшісі, университет оқытушысы Гүлнұр Жақыпованың ғылыми жұмысына негізделген зерттеу кейін өндіріске енгізуге бағытталған жеке жобаға ұласқан.

Видеодан алынған скрин

— Қызылорда қаласында жылу электр орталығынан шыққан күл қаншама жылдан бері жиналып жатыр. Бұл экологиялық тұрғыдан халыққа тиімсіз. Ауаны ластайды, сонымен қатар үлкен аумақты алып тұр. Сондықтан біз сол күлді құрылыс материалына пайдалануды ұйғардық, — деді Балауса Мұсабек.

Технологияны әзірлеу барысында студенттер күлді арнайы електен өткізіп, сүзгіден тазартқан. Одан кейін қажетті қоспаларды қосып, бірнеше рет тәжірибе жасаған. Нәтижесінде күл мен жергілікті қиыршықтасты құм негізінде тротуар тақтасын өндіру тәсілін сынақтан өткізген.

Видеодан алынған скрин

Зерттеу нәтижесінде дайын тақтаның беріктігі 23 пайызға жоғарылаған. Студенттің айтуынша, бұл технологияның тиімділігі тек өндірістік қалдықты кәдеге жаратумен шектелмейді. Жергілікті шикізатты пайдалану арқылы құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендетуге де болады.

— Біз тек Қызылордадағы күлді пайдаланып отырмыз. Негізі еліміздің басқа өңірлерінде де жергілікті шикізатты түрлі материал өндіруге қолдануға болады. Бұл энергияны да, нарықтағы шығынды да үнемдеуге көмектеседі. Экологияға да пайдасы бар деп ойлаймын, — дейді жас зерттеуші.

Балауса Мұсабек жобаны коммерцияландыру бағытында жұмыс жүріп жатқанын, алайда технология әзірге өндіріске енгізілмегенін атап өтті. Алдағы уақытта ол жергілікті шикізаттан бетон ғана емес, құрылыс конструкцияларының өзге түрлерін де жасап көруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ зертханалық жұмыстарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды қарастыратынын атап өтті.

Жас зерттеушінің пікірінше, қалдықты қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Ол экологиялық жауапкершілік әр адамның күнделікті әрекетінен басталатынын айтады.

Айта кетейік, бұған дейін, Қостанайда Тобыл өзеніне өндірістік қалдықтардың түсу қаупі зерттеліп жатқанын жазған едік.