Өндірістік жарақат: қызметкердің құқығы мен жұмыс берушінің міндеті

Коллаж: Kazinform / Freepik / Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Өндірістік жарақат алу - күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Жұмыс орнында жарақаттанған жағдайда не істеу керек және заң бойынша қызметкер қандай құқықтарға ие?

Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик мұндайда қалай әрекет етіп, қайда жүгіну керектігін, құқығыңызды қалай қорғауға болатынын айтып берді.

Фото: Ольга Гаврик

Өндірістік жарақат дегеніміз не?

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, өндірістік жарақат — бұл қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде денсаулығына зақым келуі, соның салдарынан еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтуы. Бұл тек жұмыс орнында ғана емес, іссапарда немесе қызметтік тапсырманы орындау кезінде де болуы мүмкін.

Өндірістік жарақат ретінде танылмайтын жайттар:

Жұмысқа барар немесе жұмыстан қайтар жолда алған жарақат;

Қызметкердің мас күйінде немесе есірткі қолдану салдарынан алған жарақаты;

Қызметкердің өз бастамасымен жұмысқа қатысы жоқ әрекеті салдарынан алған зақымы;

Жұмыс уақытынан тыс, мысалы, түскі үзіліс кезінде алған зақымы өндірістік жарақатқа жатпайды.

Жұмысшысы жарақат алған жағдайда жұмыс беруші не істеуі керек?

Заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші:

Жарақат алған қызметкерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қажет болса, ауруханаға жеткізуге;

Оқиға болған орынды, егер өндірістік апатқа және басқа жұмысшылардың зардап шегуіне әкелмесе, техникалық мүмкіндікке қарай қозғамауға және фотоға түсіруге;

Зардап шегушінің жақын туыстарына хабарлауға;

Еңбек инспекциясына бір тәулік ішінде хабар беруге;

Құқық қорғау органдарымен және инспекциямен бірге оқиғаны тергеп-тексеруге міндетті.

Зақымның орнын кім өтейді?

Зақым алған қызметкерге келтірілген зиян екі бағытта өтеледі:

Жұмыс беруші есебінен - бұл өтемақы заңда көрсетілген тәртіппен төленеді. Егер қызметкер белгілі бір уақытқа жұмысқа жарамсыз болып қалса, оның денсаулығына келтірілген зақым көлемі анықталғанға дейін жұмыс беруші өтейтін шығын көлемі 250 АЕК айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

Денсаулығына келтірілген зиян бойынша төленетін өтемақыны алу үшін қызметкер немесе оның өкілі шығынды растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Оған сатып алынған дәрі-дәрмек түбіртектері, медициналық тексеру немесе емделуге кеткен шығындар және протез салдыру, тағы басқа емдік шаралар шығындары жатады.

Сақтандыру компаниясы арқылы - егер қызметкер жарақат салдарынан мүгедектік алса немесе қайтыс болса, жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде бұл туралы сақтандыру компаниясына хабарлауы керек.

Сақтандыру заңына сәйкес, бұл жағдайда ай сайынғы төлемдер мен қосымша шығындардың өтемақысы қарастырылады.

Өтемақы мөлшері мүгедектіктің дәрежесіне қарай 500-ден 1000 АЕК-ке дейін болуы мүмкін.

Қайтыс болған жағдайда жерлеуге кеткен шығын ретінде 100 АЕК өтеледі.

Қызметкердің денсаулығына зиян келіп, еңбекке жарамды болмай қалса, қосымша шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді. Бұл өтемақы қызметкердің немесе ол үшін төлем жасаған адамның ұсынған құжаттары негізінде төленеді.

Егер еңбекке жарамдылықты жоғалту дәрежесі 30-59% дейін болса – 500 АЕК-тен аспайды.

Егер 60-89% аралығында болса – 750 АЕК-тен аспайды.

Егер 90-100% болса – 1 000 АЕК-тен аспайды.

Алжұмыс берушіде сақтандыру полисі болмаса, зиянды өтеу міндеті толықтай оның өзіне жүктеледі.

Қосымша төлемдер мен салық жеңілдіктері

Жұмыс орнында жарақат алған қызметкерге 100% көлемінде, яғни орташа жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді және бұл сома салық салудан босатылады.

Бұдан бөлек қызметкер емделуге, соның ішінде санаторлы-курорттық, қосымша тамақтануға, медикаменттерге, протез алуға да өтемақы талап ете алады.

Ол үшін жұмыс берушіге жарақаттану актісі және медициналық ұйым берген еңбекке жарамсыздық парағын ұсынуы қажет. Жәрдемақы еңбекке жарамдылық қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді. Ал мүгедектік берілгеннен кейін зардап шегуші мемлекет есебінен зейнетақы алады.

Өндірістік жарақат алған қызметкер заңмен қорғалған. Ең бастысы – еңбек заңнамасын жақсы біліп, барлық қажетті құжаттарды уақтылы тапсыруы тиіс. Ал жұмыс беруші өз тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге және заңнамада көзделген барлық міндеттемелерді орындауы қажет.

Бұған дейін жұмыс беруші жұмыстан кетуге мәжбүрлесе не істеу қажеттігін жазған едік.