Мұны Алматы облысында журналистерге арналған баспасөз туры барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сататын еттің бағасы шаруашылықтың санатына және малдың қоңдылығына байланысты.
— Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сиыр етін сату бағасы шаруашылықтың санаты мен малдың қоңдылығына қарай орта есеппен 2 800–3 300 теңге аралығында. Алайда сауда сөрелерінде жұмсақ еттің бір килограмы 6 000 теңгеге дейін жететінін көріп отырмыз. Сондықтан фермер сұранысқа ие өнім өндіргенімен, неге одан жақсы пайда тауып, табысын арттыра алмай отыр деген орынды сұрақ туындайды. Осы бағытта әкімдіктер жұмыс істеп жатыр, — деді Азат Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өндіруші мен тұтынушы арасындағы баға айырмасын азайту үшін фермерлердің өзі тікелей сата алатын сауда алаңдарын дамытуды қарастырып отыр.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай жоба Алматыда жүзеге асырылған. Қаладағы коммуналдық базарлардың бірінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тауарын делдалсыз сатуға мүмкіндік берілген.
Бұл тәжірибені Алматы облысында да қолданып көрмек.
— Облыста фермерлерге арналған бірнеше базар салу жобасы жүзеге асырылады. Онда санитариялық талаптарға сай, сауда жасауға қолайлы жағдай жасалады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мұндай орындар тек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілуі керек. Делдалдарға да, алыпсатарларға да емес, тікелей өнім өндірушілерге ұсынылады, — деді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің ірі арналарының бірі — «Алтын Орда» базары. Азат Сұлтанов қызметкерлеріне тамақ жасау үшін осы базардан етті килограмына шамамен 3 600 теңгеден сатып алатын кәсіпорындардың бірін атады.
— Кейбір сауда орындарында баға халық үшін қолайлы екенін көріп отырмыз, — деді ол.
Алматы облысы өнімді өңдеуге басымдық береді
Вице-министр Алматы облысының елдегі ең ірі қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі маңызын да атап өтті. Өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін негізгі аймақтардың бірі саналады. Ал Алматыға жақын орналасуы жергілікті шаруаларға өнімін өткізуге қолайлы мүмкіндік береді.
Азат Сұлтановтың айтуынша, облыс ауыл шаруашылығы шикізатын өндірумен ғана шектелмей, оны өңдеуге де басымдық беріп отыр.
— Мұнда ет және сүт өнімдерін өндірісі жақсы дамыған. Жалпы, Алматы облысы азық-түлік себетіне кіретін негізгі тауар топтары бойынша өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар өндіріс көлемі мен өнім түрлерін көбейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, — деді ол.
Еске салсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға субсидия түрлерін 2 еседей қысқартқан еді.