«Өнегелі өмірдің көркем кестесі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 желтоқсан, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Қай заманда да, қай қоғамда да тарихи тұлғалардың уақыт бедеріндегі ізі көп ретте көркем туындының кейіпкері күйінде кестеленіп қалатыны анық. Арғы-бергідегі даңқты ата-бабаларымызды бәрінен бұрын тарихи дастандардың арқауына айналуы арқылы танитын, қадір-қасиетін соған қарап та бағалайтын біздер, қазақтар, мұны тіпті жақсы білеміз» - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдерінің Астанадағы тұсаукесер көрсетілімінен кейін жазылған «Егемен Қазақстан» газеті мақаласында осылай делінген еді. Міне, енді сол лента бүкіл ел көлемінде таныстырылатын күн де келіп жетті. Кеше, 12 желтоқсанда Астанада, Алматыда, барлық облыс орталықтарында фильмнің жалпыұлттық тұсаукесері өткізілді. Оған шығармашылық зиялы қауым мен мәдени жұртшылықтың, депутаттық корпустың, қоғамдық институттар мен саяси партиялардың, ардагерлер мен жастардың, өндіріс орындары жетекшілері мен жұмысшыларының, әлеуметтік сала ұйымдарының, сондай-ақ көрермен қауымның өкілдері қатысты. Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті санында Елбасымыз туралы көркем туындыдан ел халқының алған әсерлері, зиялы қауым толғаныстары «Өнегелі өмірдің көркем кестесі» деген тақырыппен беріліп отыр.


«Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Сочи қаласында 2014 жылы өткізілетін XXII қысқы Олимпия ойындарына дайындық барысы туралы баспасөз мәслихаты өткізілді»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Сочидегі Олимпиадаға әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам спортшы мен әр саланың өкілдері қатысатынын мәлімдеді. «Лицензиялық кезеңнің аяқталуына дейін 10 спорт түрінен 40 лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Еліміздің олимпиадалық командасы құрамын жасақтау ісі келесі жылдың қаңтар айына дейін жалғасады. Онда спортшыларымыздың дене дайындығы мен психологиялық жағдайы, сондай-ақ іріктеу кезеңдерінің және допингке қарсы бақылаудың қорытындылары ескерілетін болады. Жалпы, біз жалпы командалық есепте 20-23-ші орынға шығуды мақсат тұтып отырмыз», - деді келесі кезекте Т.Есентаев. Мақала «Сочиге баратын саңлақтар алдағы жылдың басында белгілі болады» деген тақырыппен берілген.


***

Министрлер кабинетінің мүшелері кешегі отырыстарында «2014 - 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңын іске асыру туралы» Үкімет қаулысына бірауыздан дауыс берді. Осы отырыс арқау болған «Айқын» газетіндегі мақалада Елбасы жақында қол қойған алдағы 3 жылдың республикалық бюджетін ел Үкіметі атқаруға қабылдап алғандығы баяндалған. Министрлер кабинетінің мүшелері кешегі отырыстарында «2014 - 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңын іске асыру туралы» Үкімет қаулысына бірауыздан дауыс берді. Енді осы басты қаржылық құжатты іске асыруға бағытталған қызу жұмыс басталып кетуге тиіс. Бұл жұмыс қарқынының баяулауына жол бермеу үшін «Жаңа жыл» қарсаңында ел Үкіметі қайта бас қосатын болды. Яғни, шенеуніктерге мерекелер қарсаңында арқаны кеңге салуға тыйым салынды. Мақала «Арқаны кеңге салуға болмайды» деген тақырыппен берілген.


Осы басылымда жазушы-драматург, мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековпен арадағы сұхбат «Сеніп жүргендердің сырт айналатын кезі болады...» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген қаламгер: «Өмірімде қиындау кезеңдер болды. Бірі - шығармаларыма қатты шүйлігіп, қара бояуды көбірек іздеп, түртпектеген кез. Трагедияны көбірек жаздым. «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші» повестерімнен кейін «Исабеков кеңес шындығын көрмейді, өмірдің тек көлеңкелі жағын ғана жазады және кеңес әдебиетінде бірінші рет марихуананы жырлады» деді. Осы әңгімені білдей бір ағамыз айтты. Ол кісі әлі бар. Кітаптарым үш-төрт жыл Қазақстанда шықпай қалды. Ондайда тіпті қасыңда жүрген адамдардың өзі өзгеріп қалады екен. Бірақ Мәскеу бір қолымен жазалап, бір қолымен маңдайдан сипаушы еді ғой. Жағдайды білген соң «Шығармаларыңыз­дың бәрін жедел аударып, әкеліп беріңіз» деп тапсырды. Шығарма оларға керемет ұнады. 1979 жылы «Отчий дом» деген кітабымды 30 баспа табақпен шығарып берді. «Литературная газета» «Цена добраты или о новых повестях молодого казахского писателя Дулата Исабекова» деген үлкен мақала басты», - дейді.