Өнер адамдары халықты мәдениетке тәрбиелейді – опера әншісі

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Өнер адамдары халықты мәдениетке тәрбиелейді. Мұндай пікірді бүгінде Италияның Арриго Бойто атындағы Парма консерваториясында білімін жетілдіріп жатқан отандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек білдірді.

- Халқымызды тәрбиелеу үшін опера жанры қажет. Өйткені, опера – мәдениеттің ең биік шыңы. Ол бізге артық етпейді. Қазіргі уақыттағы қуанарлық жайттардың бірі – өсіп келе жатқан жасөспірімдер, жас шәкірттер. Олардың қызығушылығы бар. Жалпы, өнер адамдары халықты мәдениетке тәрбиелейді. Бүгінде бәрі Instagram-дағы әдемі өмірлерін көрсетіп, жеңіл дүниеге қызығушылықты арттыруда. Бірақ, сол телефонның арғы жағында да үлкен еңбек жатыр, - деді Әйгерім Алтынбек Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол шетелге білім алу үшін елден кету қиын болғанын жасырмады.

- Қазақстанда білім алып жүргенде достарым, туыстарым жанымда болды. Өзім Қызылордадан, қазақы жерден шыққан қызбын. Сондықтан шетелге кету қиын болды. Өйткені, алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бүгінде істеп жатқан жұмысым, еңбегім арқылы қазақ елінің атын шығарсам, мен үшін сол маңызды. Концертке, конкурсқа барған сайын мені «қазақ, Қазақстаннан» деп таныстырған кезде көрген қиындықтардың бәрін ұмытамын. Бұл жерде әлемнің түпкір-түпкірінен келген вокалистер көп. Сондықтан күнделікті өмірің - жарыс. Бір күн ештеңе істемесең қатарыңнан қалып қойғандай сезінесің,- деді опера әншісі.

Айта кетейік, бұған дейін опера әншісі Әйгерім Алтынбек бір адамды кумирім деп айта алмайтынын, адамдардың операға суретке түсу үшін емес, музыка тыңдау үшін барғанын қалайтынын айтқан еді.