деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасымен "Қазақ өнерінің қайраткерлері" сериясы бойынша шыққан жаңа кітаптың көркемдік жобасының авторы Әшірбек Көпіш. Таралымы 2 мың дана. "Сатыбалды Нарымбетов - бұл қазіргі қазақ көркем өнерінің биігін, парасатын, пәлсапасын айқындайтын есімдердің бірі. Өнері әлемге танымал, ресми де, бейресми де мойындалған, өмір ұстанымы, өмір салты, жалпы болмысымен суреткерлік табиғаттың маңызын, мәнісін аша түсетін тұлға", дейді кітаптың алғысөзінде мәдениеттанушы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова. 2 мың данамен жарық көрген кітап-альбомға С. Нарымбетовтің мерзімді басылымдарда жарық көрген сұхбаттары, мақалалары, отбасылық және шығармашылық қызметіне қатысты суреттері мен ол туралы әріптестері мен қаламгер іні-қарындастары жазған материалдар топтастырылған.
1946 жылы наурыздың 7-сінде бұрынғы Шымкент облысы Түркістан ауданы Ашысай кентінде өмірге келген Сатыбалды Жалелұлы бірнеше проза кітаптарының, киносценарийлердің авторы және түрлі фильмдердің қоюшы режиссері. Оның - "Шоқ пен Шер", "Көзімнің қарасы", "Қыз жылаған" көркем фильмдері Монте-Карло, "Кино-Шок", "Премьер Планс", "Arsenals", Берлин, Инсбрук, "Алтын жауынгер", "Шығыс-Батыс" халықаралық кинофестивалдерінде жүлделерге ие болған болатын. Шығармашылық қызметтегі жетістігі үшін 2005 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1996 жылы Мемлекеттік сыйлықтың және "Құрмет" орденінің иегері атанды.